21.05.2026, 15:10

Алматыдағы әскери колледж басшылығы Кайрат Сатыбалдының сапарынан кейін қызметтен босатылды

Фото: sputnik.kz

Оқиғаның мән-жайы қоғамда кең талқылануда.

Алматы қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжінің басшылығы Қайрат Сатыбалдының оқу орнына келуіне байланысты қызметінен босатылды. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев мәлімдеді. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Қайрат Сатыбалдының аталған колледж студенттеріне лекция оқығаны жөнінде ақпарат тараған еді. Алайда министрлік өкілі мұны жоққа шығарып, оның тек түлектердің шақыруымен өткен іс-шараға қатысқанын айтты.

«Ол бұл оқу орнының түлегі ретінде келді. Оның лекция оқығаны туралы алғаш рет естіп отырмын. Ол лекция оқыған жоқ және оқымайды да. Лекция оқу үшін профессорлық-оқытушылық құрамға кіруі керек», - деді Ахмедиев.

Журналистер тарапынан оның бұрынғы соттылығы жастарға теріс әсер етуі мүмкін бе деген сұрақ та қойылды. Бұл мәселеге қатысты министрлік өкілі колледж басшылығының жауапқа тартылғанын жеткізді.

«Жазаланды. Егер қателеспесем, қызметінен босатылды», - деп нақтылады ол.

Еске салайық, Кайрат Сатыбалды бұған дейін ірі көлемдегі қаражат жымқыру ісі бойынша алты жылға сотталған болатын. Кейін ол жазасының бір бөлігін өтеп, активтерінің бір бөлігін мемлекетке қайтарғаннан кейін бостандыққа шыққан. Оның жазасы шектеу түріне ауыстырылған. Оқиғаның мән-жайы қоғамда кең талқылануда.