21.05.2026, 18:20

Қазақстанның тағы 3 қаласында LRT салынуы мүмкін

Фото: Baq.kz

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді. 

Алматыдан Алатау қаласына дейін метро желісін ұзарту әзірге жоспарланып отырған жоқ. Оның орнына билік LRT жүйесін және өзге де балама көлік түрлерін дамыту мүмкіндігін қарастыруда, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Үкіметтегі брифинг барысында журналистер Алматы метросын Алатауға дейін жеткізу идеясы бұған дейін талқыланғанын еске салып, жобаның әлі де күн тәртібінде бар-жоғын сұрады.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қазіргі таңда метро салу туралы айтуға ерте екенін жеткізді.

Оның сөзінше, Алатау қаласының халқы әзірге 50 мыңнан сәл ғана асады, сондықтан мұндай жағдайда метро құрылысы тиімсіз.

«Қазір Алатауда метро салудың қажеттілігі жоқ», – деді вице-премьер.

Сонымен қатар ол Алматы, Алатау және Қонаев арасында LRT желісін дамыту жоспары қарастырылып жатқанын айтты. Бұдан бөлек, әуе көлігі мен өзге де көлік нұсқалары зерттелуде.

«Қазір LRT, әуе кемесі және басқа да нұсқаларды қарап жатырмыз. Әлемнің әр түкпірінен келген сарапшылармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Біздің мақсат – тиімді әрі үнемді шешім табу», – деді Қанат Бозымбаев.

Ол әзірге нақты шешім қабылданбағанын атап өтті.

Сондай-ақ вице-премьер жаңа қалада көлік кептелісі мәселесі туындамайды деп сендірді. Оның айтуынша, Алатаудың бас жоспары Surbana Jurong компаниясының қатысуымен әзірленген. Қазір жобаға қала құрылысы және көлік инфрақұрылымы бойынша маманданған тағы бір халықаралық топ тартылып жатыр.

«Біз бұған дейінгі жобаларда кеткен қателіктерді ескереміз. Сондықтан көлік дағдарысына жол бермейміз», – деп түйіндеді ол.