21.05.2026, 17:40

Жошы ұлысы элитасына тиесілі ерекше жәдігер табылды

Фото: gov.kz

Бұл сирек артефакт Болған ана кесенесінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған.

Бүгін  Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне Алтын Орда кезеңіне жататын ерекше тарихи жәдігерді – салтанатты әйел шапанын ресми түрде тапсырды, деп  хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Бұл сирек артефакт Болған ана кесенесінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған. Ескерткішті зерттеу жұмыстарын қазақстандық археолог Айбар Қасенәлі жүргізген. Құнды жәдігер 2019 жылы университет қорына өткізілген.

Бірнеше жыл бойы Археологиялық зерттеулер институтының «UMAI» мәдени мұраны консервациялау және реставрациялау халықаралық зертханасының мамандары жәдігерді жан-жақты зерттеп, қалпына келтіру және ұзақ мерзімге сақтау бағытында ғылыми жұмыстар жүргізді.

Мамандардың айтуынша, бұл артефакт Жошы ұлысы элитасының мәдени қабатымен байланысты аса құнды тарихи дереккөз саналады.

Зерттеу жұмыстарына археолог-реставратор Тетяна Крупа жетекшілік етті. Ғалымдар шапанның технологиялық ерекшеліктерін, тігілу әдістері мен қолданылған материалдарын мұқият зерттеген. Нәтижесінде жәдігердің ғылыми реконструкциясы жасалып, түпнұсқаны сақтау бойынша толық консервациялық жұмыстар атқарылған.

Бүгінде шапанның ғылыми көшірмесі Ұлытау музейінің экспозициясында қойылған.

Айта кетейік, Болған ана кесенесінен табылған бұл жәдігердің реконструкциясы 19-20 мамыр күндері Астанада өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумда негізгі экспонаттардың бірі ретінде таныстырылды. Іс-шараға Қазақстан Президенті де қатысты.

Халықаралық форумға қатысқан отандық және шетелдік ғалымдар павлодарлық зерттеушілердің еңбегіне жоғары баға беріп, оның ғылыми әрі мәдени маңызын ерекше.