Оқиғаға байланысты Алматы облысының полициясы тексеру жүргізіп жатыр. Құқық қорғау органдары жануарлардың иесін анықтаған.
Алматы облысындағы «зебралар» жұртты таңғалдырды. Алайда көпшіліктің қызығушылығын тудырған жануарлар шын мәнінде боялған есектер болып шықты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Түрген шатқалына апаратын жол бойында жүрген ерекше жануарлардың видеосы әлеуметтік желілерде кең таралып, жүз мыңдаған қаралым жинаған. Көпшілік оларды алғашында нағыз зебра деп қабылдаған. Кейін кадрдағы жануарлардың ақ түсті есектер екені, ал олардың денесі зебраға ұқсатып арнайы боялғаны белгілі болды.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл әрекетке түрлі пікір білдірді. Бірі мұны туристердің назарын аударудың креативті тәсілі десе, енді бірі жануарларға жасалған орынсыз әрекет деп бағалады.
Оқиғаға байланысты Алматы облысының полициясы тексеру жүргізіп жатыр. Құқық қорғау органдары жануарлардың иесін анықтаған.
«Иесінің түсіндіруінше, ақ түсті есектер демалыс орнына туристерді тарту мақсатында қауіпсіз бояумен уақытша боялған», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Полицияның алдын ала мәліметінше, жануарлардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Соған қарамастан, аталған факті бойынша жануарларға қарау талаптарының сақталуына құқықтық баға беріледі.