21.05.2026, 20:30

Астанада мәдениет пен өнер майталмандары марапатталды

Фото: gov.kz

Бүгінде отандық мәдениет пен өнер саласында 60 мыңға жуық адам еңбек етеді.

Астанада кәсіби мерекеге орай мәдениет пен өнер саласының үздік өкілдерін ұлықтау рәсімі өтті. Салтанатты шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Парламент депутаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Бүгінде отандық мәдениет пен өнер саласында 60 мыңға жуық адам еңбек етеді. Мемлекет тарапынан бұл салаға тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, соңғы үш жылда өнер өкілдерінің 592-сі мемлекеттік наградалармен ұлықталса, мәдениет пен БАҚ қызметкерлеріне Мемлекет басшысының атынан 331 пәтердің сертификаты табысталған. Жиында сөз алған Аида Балаева барша әріптестерінің атынан Президентке осы қамқорлығы үшін алғыс білдірді. 

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

«Мемлекет басшысының мәдениет саласына деген ерекше ықыласы бәріміз үшін өте маңызды. Президент жыл сайын өнер иелерін кәсіби мерекесімен құттықтап, үздіктерді мемлекеттік наградалармен марапаттайды. Сондай-ақ биыл Мемлекет басшысының бастамасымен М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры мен Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияға «Ұлттық» мәртебесі берілді. Бұл – сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен кәсіби шеберліктеріңізге, елдің рухани байлығын еселеуге қосқан үлестеріңізге берілген тарихи әрі жоғары баға».

Министр сонымен қатар салада кәсіби танылу жүйесінің жандана түскенін тілге тиек етті. Соның дәлелі ретінде «Халық әртісі» құрметті атағының қайта оралғанын, жаңадан «Асыл мұра» сыйлығының тағайындалғанын және мемлекеттік стипендиялар көлемінің өскенін атап өтті. Бұған қоса, ұзақ жылдардан кейін алғаш рет музыкалық білім беру мекемелері мен мемлекеттік концерттік ұйымдарға жаңа аспаптар сатып алу үшін арнайы қаржы бөлінген.

Президент Жарлығымен берілген жоғары марапаттар

Салтанатты шара аясында өнер ұжымдары мен мәдениет мекемелерінің 32 өкілі марапатталды. Оның ішінде 17 маманға награда ҚР Президентінің Жарлығымен табысталды.

Атап айтқанда: Театр және кино актрисасы, белгілі ұстаз, профессор Жұмагүл Мейрамова ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен; Әнші, композитор, Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің директоры Жеңіс Сейдуллаұлы «Парасат» орденімен марапатталды.

Сондай-ақ мемлекеттік наградалар театр, музыка, музей, ғылым, реставрация және концерт саласының өзге де көрнекті өкілдеріне бұйырды. Солардың бірі – «Астана Балет» театрының концертмейстері Құралай Қанапина.Құралай Қанапина,

«Astana Ballet» театрының концертмейстері:

«Еңбегіміздің еленіп, мемлекет деңгейінде бағалануы – үлкен мәртебе. Мен үшін театр мен музыка әлемі – рухани кемелденудің, шабыт пен мәңгілік өнердің бастауы».

Ведомстволық наградалар және аймақтардағы үздіктер

Бұдан бөлек, мәдениет саласын дамытуға сіңірген еңбегі үшін 15 қызметкер Мәдениет және ақпарат министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапатталды. Олардың қатарында аймақтардағы мәдениет ошақтарының да қызметкерлері бар:

Ақмола облысы Зеренді аудандық мәдениет үйінің «Арқа әуендері» халықтық фольклорлық ансамблінің жетекшісі Талғат Ибраев;

Біріккен музейлер дирекциясының жәдігерлерді сақтау және консервациялау бөлімінің әдіскері Рахима Жақсыбаева, сондай-ақ өңірлік театрлар мен филармониялардың, шығармашылық оқу орындарының қызметкерлері марапатқа ие болды.

Марапатталғандардың қатарында танымал хореограф Евгений Моисеев те бар. Ол қазіргі таңда шәкірт тәрбиелеп, өзінің бай тәжірибесін жас буынға үйретіп жүр.

Евгений Моисеев, Қазақ ұлттық хореография академиясы хореография факультеті деканының орынбасары:

«Биыл академиямыздың құрылғанына 10 жыл толды. Студенттеріміз халықаралық байқауларда топ жарып, Қазақстан өнерін әлемге танытуда. Мен өз шығармашылығымда еуропалық вальс пен қазақтың ұлттық биін ұштастырып, Шәмші Қалдаяқовтың әніне «Жастар вальсін» сахналадым. Бұл – ұлы композитордың өшпес мұрасына деген құрмет».

Мемлекеттік және ведомстволық наградалардың табысталуы – еліміздің рухани байлығын еселеп жүрген өнер иелерінің еңбегіне берілген лайықты баға. Сала өкілдерінің мамандыққа деген адалдығы жаңа шығармашылық белестерді бағындыруға жол ашады.