Жазушының сөзінше, әнші әйелдің орынсыз әрекеті пойыздағы жолаушылардың мазасын алған.
Жуырда ғана Баян Алагөзованы сынаған жазушы Сәкен Сыбанбай танымал қос әншіге қатысты тағы бір келеңсіз оқиғаны жұртқа жеткізді. Ол әнші Саят Медеуовтың сапар барысында Гауһар Әлімбекованың озбырлығына шыдамай, пойыздан түсіп қалғанын жазды, деп хабарлайды Todayinfo.kz порталы.
Жазушы үшеуінің сапардан қайтып келе жатқан сәтіндегі оқиғаны еске салды. Айтуынша, Саят Медеуовке қатысты сот ісі болып жатқан. Сол сәтті пайдаланған әнші қыз Медеуовке психологиялық қысым көрсетекен.
«2001 жылы керемет әнші Саят Медеуов досым әлдебір шаруамен соттасып жатты. Қолы тимей жүрсе де, «Жас Алаштың» 80 жылдық тойына бізбен бірге Атырау-Оралға барған. Бері қайтарда әйелі қайта-қайта қоңырау шалды. Ол звандаған сайын Саяттың еңсесі түсе береді. Енді оңай тірлік емес қой.
Пойызда Саят, Гауһар Әлімбекова үшеуіміз Алматыға қайтып келе жатырмыз. Саят байғұстың алаң көңілін айдаладағы басқа әңгімеге бұрып, қолдан келгенше сөзбен қолдап, алдандырып қоямын.
Саят кәдімгідей көңілденіп, әзіл айтып серпіліп сала берсе, Гауһар:
– Негізі... дұрыс қой, бірақ, Саят, ана ертеңгі сот не болғалы жатыр екен, қатының не дейді? – деп қанын ішеді ше.
Аңғал Саят «неменеге есіме сала бересің?» деп ұрсуға да жоқ қой, қайтадан еңсесі түсіп, еңкейіп қалады», - деп жазды Сәкен Сыбанбай.
Жазушының сөзінше, әнші әйелдің орынсыз әрекеті пойыздағы жолаушылардың мазасын алған. Амалы таусылған Саят Медеуов Алматыға жетеуге шыдамы жетпей, орта жолда пойыздан түсіп қалған.
– Сол шаруаны ойлап, мазам қашып келе жатыр да, – деп...
Сәлден соң тағы қызық әңгіме айтып, көңілін ептеп көтеріп аламын. Саят мәз болып, соты түскірді бір сәт естен шығарып, кеудесін тіктеп, масайрап қалады.
Сонда Гауһар:
– Саят, жарайсың, әдемі әңгіме айтып отырсың, дегенмен әлгі... сот не болатын болды-и сонымен? – деп тағы миын ашытады.
Досым байғұс қайтадан уайымға түседі.
Пәлен рет қайталанды-ау осы жағдай. Гауһар да шаршамайды, Саят та уайымдаудан жалықпайды.
«1-майдың он жетісі» дегендей, Гауһар он жетісінші рет тиіскен соң ба, әйтеуір Саят байғұстың да ғажап төзімі таусылды.
– Сәкен, жүйкем жұқарып бітті әбден, мына қыз аузын жауып тыныш отырсыншы! – деді. Гауһарға «айналайын, енді сот туралы ештеңе айтпашы» деп, әрең келістірдім. Жарасымды гәп жалғасып жатыр. Саят екеуіміздің. Гауһар жым-жырт. Бір кезде Саяттың көзі пойыздың әбден терлеген терезесіне түсе кетті де, баж ете қалды:
– Құдай үшін құтқаршы мына қыздан! Бәле болды ғой әбден! – деп.
Қарасам, Гауһар пойыздың әбден терлеген терезесіне саусағымен «САЯТ плюс ӘЙЕЛІ – тең СОТ» деп жазып қойыпты. Өзі дым болмағандай, алма жеп отыр. Ақыры Саят Алматыға дейін шыдамай, Отардан түсіп қалды», - деп еске алды жазушы.