22.05.2026, 12:00

Алматы облысында жүрген «зебралар» есек болып шықты

Фото: видео скриншот

Мал иесінің түсіндіруінше, ол ақ түсті есектерді демалыс аймағына туристерді тарту мақсатында қауіпсіз бояумен уақытша бояп қойған.

Әлеуметтік желілерде Алматы облысының Түрген ауылының маңында жүгіріп бара жатқан екі «зебраның» видеосы тарады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Желі қолданушылары бейнероликті мұқият қарай келе, бұл африкалық жануарлардың іс жүзінде боялған есектер екенін анықтады.

Өңірлік полиция департаменті пікір жазушылардың есектерді зебраға ұқсатып «сәндеп қойғаны» туралы болжамын растады. Ведомство өкілдері жануарлардың иесі анықталғанын хабарлады.

Полиция қызметкерлері Түрген шатқалындағы Асы үстіртіне апаратын автожолдың бойында жүрген, зебра түстес етіп боялған жануарлардың иесін анықтады. Мал иесінің түсіндіруінше, ол ақ түсті есектерді демалыс аймағына туристерді тарту мақсатында қауіпсіз бояумен уақытша бояп қойған. Алдын ала мәліметтер бойынша, жануарлардың өмірі мен денсаулығына төніп тұрған қауіп анықталған жоқ. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері болған оқиғаға құқықтық баға беру және жануарларға жауапкершілікпен қарау нормаларының сақталуын тексеру мақсатында тиісті шараларды жүргізіп жатыр, - деп хабарлады Алматы облысының ПД баспасөз қызметі.