Ер адам соңғы үш жыл бойы жұбайының ескі телефонын пайдаланып келген.
Әлеуметтік желіде әкесіне жаңа телефон сыйлаған қыздардың видеосы көпшілікті толқытты. Желі қолданушыларын ерекше әсерге бөлеген сәтте әке қуаныштан көз жасына ерік берген, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Отбасының айтуынша, ер адам соңғы үш жыл бойы жұбайының ескі телефонын пайдаланып келген. Уақыт өте құрылғының жұмысы нашарлап, жиі қатып, дұрыс істемей бастаған. Алайда әке өзіне жаңа телефон алуды кейінге қалдырып жүрген көрінеді.
Әкесін қуантып, алғыс білдіруді ойлаған қыздары оған арнайы тосынсый дайындап, жаңа смартфон сыйлаған. Сыйлықты ашқан сәтте ер адам толқуын жасыра алмай, көзіне жас алған.
Видеодағы әкенің шынайы эмоциясы желі қолданушыларын да бейжай қалдырмады. Көпшілік бұл көріністің өте әсерлі шыққанын айтып, пікірлерін жарыса жазуда.
«Әке-анамыз қартайған сайын кішкентай дүниеге де қатты қуанады», «Ең ауыр нәрсе — ата-ананың өзіне ештеңе сұрамай жүруі», «Жүрекке тиетін видео екен», «Жас ұлғайған сайын адам сезімтал болып кетеді» деген пікірлер көптеп жазылған.
Көпшілік мұндай қарапайым, бірақ шынайы қамқорлықтың кез келген қымбат сыйлықтан маңызды екенін айтып, ата-ананы қуанту үшін үлкен нәрсе емес, көңіл мен ықылас қажет екенін атап өтті.