Қайғылы оқиға кәріз жүйесін тазалау кезінде тіркелген.
Жезқазғанда кәріз құдығында жүргізілген жөндеу жұмыстары кезінде қайғылы оқиға болды. Оқиға салдарынан коммуналдық қызметтің бір қызметкері қаза тапты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Тағы бір жұмысшы ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр.
Қайғылы оқиға кәріз жүйесін тазалау кезінде тіркелген. Жабық кеңістікте қауіпті газдың кенеттен бөлінуі салдарынан 44 жастағы коммуналдық кәсіпорын қызметкері көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша, жоспарлы жұмыс барысында орын алған төтенше жағдайда улы газдың таралуы адам өміріне қауіп төндірген.
Куәгерлер мен алдын ала деректерге сәйкес, құдық ішінде екі жұмысшы болған. Екеуі де белгісіз заттың, болжам бойынша метан газының әсеріне ұшыраған. 1982 жылы туған қызметкер оқиға орнында қаза тапса, 1986 жылы туған екінші жұмысшы шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізілген.
Дәрігерлер науқастың ауруханаға өте ауыр жағдайда, тыныс алу жеткіліксіздігі белгілерімен түскенін атап өтті. Ол бірден жансақтау бөліміне жатқызылған.
— Науқас кешкі уақытта қабылдау бөліміне ауыр жағдайда, тыныс алу жеткіліксіздігі белгілерімен жеткізілді. Қажетті медициналық көмектен кейін жағдайы тұрақтанып, таңертең нефрология бөліміне ауыстырылды, — деді облыстық аурухананың бөлім меңгерушісі Дмитрий Угрюмов.
Кейін Ұлытау облысы әкімдігі оқиғаға қатысты ресми түсініктеме беріп, жұмысшылардың коммуналдық кәсіпорынға тиесілі екенін нақтылады.
— 2026 жылғы 20 мамыр күні шамамен 16:40–та Абай мен Чехов көшелерінің қиылысында «Жылу-су шаруашылығы кәсіпорны» АҚ қызметкерлерінің қатысуымен жазатайым оқиға болды. Алдын ала деректер бойынша, кәріз құдығын тазалау кезінде газ бөлінген. 1982 жылы туған қызметкер оқиға орнында қаза тапты, 1986 жылы туған екінші қызметкер жедел жәрдеммен медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі таңда оқиғаның себеп-салдары мен келтірілген жарақаттардың ауырлығы анықталуда. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 156-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Жағдай тиісті органдардың бақылауында, — делінген әкімдік хабарламасында.
Қазір еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуы мен қайғылы оқиғаның нақты себептері бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталу үстінде. Бұған дейін Қарағандыда жазатайым жағдай салдарынан шетелдік студенттің қаза тапқаны туралы хабарланған болатын.