Мерейтойлық форум Қазақстандағы ІҚА бар пациенттерге көмек көрсетудің бірыңғай ұлттық стандарттарын қалыптастыру, жаңа клиникалық ұсынымдарды таныстыру және тәжірибе алмасу үшін маңызды кәсіби алаң ретіндегі мәртебесін тағы да дәлелдеді.
Алматыда гастроэнтерология, колопроктология, педиатрия, хирургия және аралас салалардың жетекші мамандарының басын қосқан мерейтойлық X Ұлттық ішектің қабыну аурулары бойынша форум өтті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ұйымдастырушылар: С.Асфендияров ат. ҚазҰМУ, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ, салалық кәсіби қауымдастықтар.
Форум гибридті форматта өтті. Ресми ашылу қарсаңында Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы базасында «ІҚА заманауи хирургиясы: көрсеткіштен нәтижеге дейін» атты бірегей тәжірибелік шеберлік класы ұйымдастырылды. Оның барысында күрделі хирургиялық операциялар тікелей эфирде көрсетілді (Live-хирургия). Ұйымдастыру комитеті Крон ауруының асқынған түрлеріне шалдыққан пациенттерге жоғары деңгейдегі операциялар жасаған профессор Армен Варданянға (Мәскеу, РФ) ерекше алғыс білдірді.
Конференцияның салтанатты ашылуында қатысушылар отандық гастроэнтерология мектебінің негізін қалаушы, көрнекті ғалым, профессор Елдос Изатуллаевты бір минут үнсіздікпен еске алды.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасының орынбасары Жамиля Қайбуллаева: «ІҚА - пәнаралық тұрғыдан аса күрделі сала. Таргеттік биологиялық терапия мен шағын молекулалар дәуірінің арқасында пациенттердің болжамы айтарлықтай жақсарды. Сонымен қатар ерте диагностика, диагноз қоюдағы кідірісті азайту, заманауи терапия тұжырымдамаларын енгізу және тұрақты ремиссияға қол жеткізу сияқты жаңа міндеттер туындап отыр», — деді.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаевтың айтуынша, институтта клиникалық, білім беру және ғылыми жұмыстарды біріктіретін елдегі алғашқы Республикалық ІҚА орталығы құрылды. Гастроэнтерологияға үнемі инновацияларды енгізумен қатар, институт халықаралық зерттеулердің клиникалық базасы ретінде қызмет етеді және резиденттерді терапиялық бағыттар бойынша оқытатын академиялық клиника болып табылады.
Конференцияның негізгі спикерлері қатарында әлемдік деңгейдегі сарапшылар болды: Dino Tarabar (Сербия) — MD, PhD, AGAF, Белградтағы Әскери-медициналық академияның ІҚА жөніндегі маманы; Paulo Gustavo Kotze (Бразилия) — MD, MSc, PhD, Парана католик университетінің колоректалды хирургия бөлімінің ІҚА амбулаториялық қызметінің маманы; Rupert Leong (Австралия) — Сидней университетінің гастроэнтерология профессоры.
Кәсіби қауымдастықтың үздік мамандарын марапаттау және байқаулардың қорытындысын шығару рәсімі өтті. Номинациялар қатарында: «Жылдың үздік маманы» -ІҚА қызметін дамытуға қосқан үлесі мен адалдығы үшін; «Жыл серпіні» - 2025–2026 жылдардағы ІҚА мәселелері бойынша тәлімгерлік циклдерінің нәтижелерін бағалайтын жаңа марапат; «Жас ғалымдар байқауы» - жас мамандардың медицина ғылымындағы алғашқы маңызды қадамдарын қолдауға арналған дәстүрлі алаң.
Мерейтойлық форум Қазақстандағы ІҚА бар пациенттерге көмек көрсетудің бірыңғай ұлттық стандарттарын қалыптастыру, жаңа клиникалық ұсынымдарды таныстыру және тәжірибе алмасу үшін маңызды кәсіби алаң ретіндегі мәртебесін тағы да дәлелдеді.