$ 471.45  547.21  6.63

«Суға батып кетті деген»: Астанада полицейге пранк жасаған блогер қамауға алынды (ВИДЕО)

Оқиға Ескек есу каналы аумағында болған. 

Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Астанада блогер шаурма сататын дәмхананы жарнамалау мақсатында ерекше пранк ұйымдастырып, салдарынан әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оқиға Ескек есу каналы аумағында болған. Блогер суға батып жатқан адамға қатысты қойылым жасап, сол арқылы жарнамалық ролик түсірмек болған. Жоспар бойынша ол кейін полиция қызметкеріне алғыс айтып, оны отбасымен бірге шаурма дәмханасына тегін шақырмақ болған. Алайда тәртіп сақшысы ұсыныстан бас тартқан.

Полиция мәліметінше, қызметіне бара жатқан мамандандырылған күзет қызметінің қызметкері суға батып жатқан адамды көріп, бірден көмекке ұмтылған. Ол еш ойланбастан суға секірген. Кейін жағдайдың әдейі ұйымдастырылған пранк екені анықталған.

«Ер адам құқық қорғау органы қызметкерін “тексеру” мақсатында суға батып жатқандай көрініс жасаған. Кейін бұл оқиғаның қолдан ұйымдастырылғаны белгілі болды», – деп хабарлады полиция.

Нәтижесінде пранкты ұйымдастырған блогер мен оған қатысқан азамат ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен олардың бірі 15 тәулікке, екіншісі 10 тәулікке қамауға алынды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0