22.05.2026, 19:30

Журналист Ботагөз Омарова жалған ақпарат таратқанын мойындады

Фото: telegram

Журналист кейіннен компанияда ешқандай берешек жоқ екенін растайтын құжаттармен танысқанын мойындады.

Журналист Ботагөз Омарова құрылыс компаниясы туралы жалған ақпарат таратқаны үшін ресми түрде кешірім сұрап, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sn.kz сайты.

Бұған дейін көрінеу жалған ақпарат тарату ісі бойынша күдікті атанған журналист Ботагөз Омарова «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС мен оның директоры Асқар Усимбековтен ресми түрде кешірім сұрап, жария түрде мәлімдеме жасады.

Омарованың айтуынша, ол 2026 жылғы 20 ақпан мен 7 наурыз аралығында Instagram желісіндегі 101tv.kz парақшасында және «Айтпа, Ботагөз»Telegram-арнасында компанияның Астанадағы ат спорты кешенінің құрылысына қатысқан «Ремстрой-1» ЖШС жұмысшылары алдындағы қарызы бар екені жөнінде шындыққа жанаспайтын ақпарат жариялаған.

Журналист кейіннен компанияда ешқандай берешек жоқ екенін растайтын құжаттармен танысқанын мойындады. Алайда соған қарамастан жарияланымдарын тоқтатпаған.

«Көбіне мені жаңа жазылушылар тарту және қазіргі аудиторияның қызығушылығын арттыру ниеті жетеледі», – делінген оның үндеуінде.

Сонымен қатар Омарова жариялаған ақпараттардың компанияның іскерлік беделіне нұқсан келтіргенін мойындап, «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС басшылығынан және өз аудиториясынан кешірім сұрады.

«Осы әрекетім арқылы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің көрінеу жалған ақпарат таратуға жауапкершілік көздейтін 274-бабын бұзғанымды түсінемін және мұндай ісіме шын жүректен өкінемін», – деді Ботагөз Омарова.

Еске салайық, бұған дейін журналист Ботагөз Омароваға қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын. 21 наурызға қараған түні сот оған қатысты екі ай мерзімге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдаған.

Осыған дейін Астана қалалық Полиция департаменті азаматша О.Б.-ға қатысты келіп түскен арыз негізінде көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлаған.