"Өмір құлағаннан кейін бітеді деп ойлағандарға арнаймын".
Ресейлік параальпинист Рустам Набиев адам сенгісіз рекорд орнатты. Ол Эверест шыңына тек қолының көмегімен көтерілген алғашқы адам атанды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Спортшы бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
Набиевтің айтуынша, ол 2026 жылдың 20 мамырында таңғы 08:16-да Непал уақытымен әлемнің ең биік нүктесі – 8848 метрлік Эверест шыңына жеткен.
«Өмір құлағаннан кейін бітеді деп ойлағандарға арнаймын. Ішіңізде өмір бар кезде – күресіңіздер», – деп жазды альпинист.
34 жастағы Рустам Набиев 2015 жылы Омбыдағы әскери оқу орталығы казармасының құлауы кезінде екі аяғынан айырылған. Сол қайғылы оқиғадан кейін ұзақ оңалтудан өтіп, спортпен айналыса бастаған. Кейін альпинизмге бет бұрып, Эльбрус, Арарат, Килиманджаро, Манаслу және Аконкагуа секілді шыңдарды бағындырған.
Эверестке экспедициясы 7 сәуірде басталған. Альпинист бір айдан астам уақыт бойы биіктікке бейімделу кезеңінен өтіп, бірнеше лагерь арқылы көтерілген.
Набиевтің бұл жетістігі әлеуметтік желіде кең талқыланып жатыр. Көпшілік оны «ерік-жігердің символы» деп атап, тарихи рекорд ретінде бағалауда. Тележүргізуші Виктория Боня да спортшыны қолдап, «Бұл туралы бүкіл әлем білуі керек» деп пікір білдірді.
Қазіргі таңда Рустам Набиев Эверестке тек қолымен көтерілген алғашқы адам ретінде тарихқа енді.