$ 470.8  545.99  6.6

«Табыс түсіретін науқан емес»: Бас мүфти қазақстандықтарға үндеу жасады

Оның сөзінше, Құрбан айтта жақсылық және қайырымдылық жасау, адамгершілік көрсету, кеңдік таныту, араздасқан адамдардың татуласуы тәрізді құндылықтар көрініс табуы керек.

Коллаж: Әбілқасым Есентаев
Коллаж: Әбілқасым Есентаев

Биыл Құрбан айт 27 мамырда басталады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айт — тек діни мейрам емес, сондай-ақ қоғамның бірлігін нығайтатын, азаматтар арасындағы өзара жанашырлықты арттыратын мереке екенін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Kazinform.kz-ке сілтеме жасап.

Оның сөзінше, Құрбан айтта жақсылық және қайырымдылық жасау, адамгершілік көрсету, кеңдік таныту, араздасқан адамдардың татуласуы тәрізді құндылықтар көрініс табуы керек.

— Бағзы заманнан бері Ислам дінін рухани тірегіне айналдырған халқымыз Құрбан айтты айрықша дайындықпен қарсы алған. Малдың ең үлкенін әрі жақсысын құрбандыққа шалып, құрбандық етін көмекке мұқтаж жандарға тарату, қонақ күтіп, үлкеннің батасын алу, сыйлық-кәде беру, ренжіткен жанды кешіру, отбасын қуанышқа кенелту сынды амалдар — дәстүрімізде қалыптасқан ізгі құндылықтар, — дейді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сонымен бірге, ол Құрбан айттың төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді насихаттауда да маңызы зор екенін айтады. Себебі, мереке күндері еліміздің әр өңірінде дін мен дәстүр сабақтастығын көрсететін іс-шаралар өткізіледі.

— Облыстық, қалалық және аудандық мешіттердің ауласында киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен арнайы сайыстар ұйымдастырылады. Жер-жерде мәдени-рухани кештер өткізіледі. Осы ретте еліміздегі барша жамағатты ұлттық киімдерімізді киіп, айт мерекесін дәстүрімізге сай ұлттық нақыштармен өткізуге, игі бастамаларымызға белсенді түрде атсалысуға шақырамын, — деп үндеу жасады Бас мүфти.

Оның айтуынша, Құрбан айт — пайда табатын, кіріс түсіретін науқан емес. Керісінше, жұрт бір-біріне түсіністікпен қарап, жеңілдік жасағаны абзал. Әсіресе, мал саудасымен айналысатындар бағаны аяқ астынан шарықтатпай, ынсап пен адамгершілікті ұстанғаны жөн.

— Құрбан айт — тек діни мереке ғана емес, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтатын, қайырымдылықты паш ететін рухани мейрам. Осы орайда еліміздегі барша кәсіпкер азаматты Құрбан айтта мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, жұртымыз күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін, — дейді ҚМДБ төрағасы. 

Одан бөлек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халыққа қолайлы әрі ашық қызмет көрсету мақсатында бірнеше жылдан бері еліміз бойынша qurban.muftyat.kz онлайн құрбандық платформасын жүзеге асырып келеді. Бұл жоба ҚМДБ бастамасымен 2020 жылдан бері тұрақты түрде жұмыс істеп, жыл сайын техникалық тұрғыда жаңартылып, жетілдіріледі.

Онлайн құрбандық жобасы азаматтарға құрбан шалу рәсімін заманауи цифрлық форматта оңай әрі сенімді түрде орындауға мүмкіндік береді. Ол мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуді жүйелі ұйымдастыруда тиімді құрал болып отыр.

Платформаны қолдану да өте жеңіл. Құрбан шалуға ниетті азаматтар qurban.muftyat.kz сайты арқылы онлайн тапсырыс беріп, банктің мобильді қосымшасы арқылы төлем жасайды. Содан соң, өтінімнің орындалу барысын онлайн бақылай алады. Құрбандық шалынғаннан кейін, тапсырыс берушіге SMS хабарлама және арнайы бейне есеп жолданады. Бас мүфтидің пікірінше, бұл — ашықтық пен сенімділікті қамтамасыз ететін маңызды қадам.

— Біздің мақсатымыз — халыққа барынша оңтайлы қызмет көрсету ғана емес, қайырымдылық мәдениетін дамыту, мұқтаж жандарға дер кезінде көмек жеткізу және діни қызметті цифрлық технологиялармен ұштастыру. Онлайн құрбандық платформасы бүгінде ел игілігіне қызмет етіп отырған әлеуметтік әрі рухани маңызы зор жобаға айналды. Діни басқарма жанынан құрылған арнайы жұмыс штабы айт күндері құрбандық еттерін мақсатты орындарға жеткізіп береді, — дейді дінбасы.

Ал ҚМДБ Шариғат және пәтуә бөлімінің меңгерушісі Сансызбай қажы Құрбанұлы құрбан шалудың негізгі діни талаптарын атап өтті. Оның сөзінше, құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе шалынады. Малдың жасына қатысты да нақты нұсқаулар бар екен.

— Құрбан шалу — дүниесі жеткілікті, зекет беретін мұсылман адамға уәжіп. Шариғатымызға сай, құрбандық — малды белгіленген уақытта шын ниетпен бауыздау. Құрбан айт намазы оқылғаннан кейін, яғни айттың бірінші күні таңнан бастап, шалуға болады. Құрбандыққа шалынатын малдар — қой, ешкі, сиыр және түйе. Нақтырақ айтсақ, қой мен ешкі бір жастан асқан болуы керек. Сиыр екі жаста, түйе бес жаста болуы шарт, — дейді Сансызбай қажы Құрбанұлы.

Тағы бір айта кететін жайт — мерекенің үшінші күні ақшамға дейін құрбан шалуды тоқтатқан жөн. Мамандар рәсімді Құрбан айттың үшінші күні түнде атқаруды құптамайды.

Сансызбай қажы Құрбанұлының мәліметінше, қой мен ешкіні бір адам шалса, ал сиыр мен түйені жеті кісі бірігіп шалуына шариғатта рұқсат етіледі. Бірақ бұл іске бәрі де шын ниетпен атсалысуы маңызды.

Сондай-ақ, құрбандық малының етін үшке бөлген дұрыс. Бірін өзіміз жеп, екіншісін туған-туысқа таратып, ал үшінші бөлігін жетім-жесір мен жарлы-жақыбайға үлестіру сауапты болмақ. Кімде-кім барлық етті түгел таратамын десе, оған тыйым жоқ.

Қалаларда құрбан шалғанда, мал бауыздайтын арнайы орынның болуы да өзекті мәселе. ҚМДБ төрағасының орынбасары Ермек қажы Қасболатұлының сөзінше, ондай орындар еліміздің барлық аймағында бар. Ал Астана қаласында «Big Шанхай», «Баракат» және «Жайлау» базарларында құрбан шалу рәсімі орындалады.

Сонымен қатар, ол мал құны тақырыбына да тоқталды.

— Мал бағасына келсек, оны кәсіпкерлер мен шаруалар өз жағдайына қарай белгілейді. Ал qurban.muftyat.kz сайтында тапсырыс беру арқылы онлайн шалынатын мал бағасын біз нарыққа сай қойдық. Ол үшін әр облыстан ақпарат сұратып, өңірлерде түлік құны қанша болып жатқанын зерттедік. Соның нәтижесінде белгіленген бағаларды qurban.muftyat.kz сайтынан көруге болады, — дейді Ермек қажы Қасболатұлы.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0