Жергілікті тұрғындар жауапты мекемелерден бұл бейберекетсіздікке нүкте қойып, аумақтың иесін анықтап беруді талап етуде.
Қала орталығындағы Әуезов көшесінің бойында орналасқан гүл дүкендерінің сыртқы келбеті бірыңғай дизайн-кодқа келтірілгенде, жұртшылық «қаламыз еуропалық стильге көшті» деп қуанған еді. Алайда, сол сырты жалтыраған павильондардың артқы жағындағы сұмдықты көргенде жағаңды ұстайсың, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Орталықтың көркін ашқан дүңгіршектердің көлеңкелі тұсы бүгінде қоқыс полигонына айналып барады. Бұл маңайдағы үйлердің аула сыпырушылары «бұл біздің аумақ емес» деп, ол жерді тазалаудан үзілді-кесілді бас тартқан.
Салдарынан, қос қабатты павильондардың тасасы көмулі жатқан «шикіліктердің» ұясы болып тұр.
Жергілікті тұрғындар жауапты мекемелерден бұл бейберекетсіздікке нүкте қойып, аумақтың иесін анықтап беруді талап етуде. Шын мәнінде, «әр мәселенің артында нақты бір адамның немесе мекеменің аты тұруы тиіс» емес пе? Көз алдымыздағы орталық көшенің мына сиқы қала билігінің де, кәсіпкерлердің де жауапкершілігіне үлкен сұрақ тудырады.