Дәрігерлер келген кезде бала клиникалық өлім жағдайында болған.
Қостанайда 5 жасар бала бассейнге батып кете жаздады. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем мамандары бүлдіршінді аман алып қалды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қостанай облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, суға кеткен балаға дәрігерлер дер кезінде реанимациялық көмек көрсеткен.
"103 желісіне шақырту сағат 16:17-де түсті, жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына 16:21-де жетті. Шақырту себебі – суға кету. Бала 2021 жылы туған", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ қосымша көмек көрсету үшін екінші бригада жіберілген. Дәрігерлер келген кезде бала клиникалық өлім жағдайында болған.
Ведомствоның хабарлауынша, мамандар жүргізген сәтті реанимациялық шаралардың нәтижесінде баланың жүрек соғысы қайта қалпына келтірілді. Кейін науқас интубацияланып, облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Қазіргі уақытта бала жансақтау бөлімінде ем алып жатыр.