"Денсаулығында қарсы көрсетілімдер болғанына қарамастан, толық тексеру жүргізілмеген".
Ақтауда пластикалық ота жасатпақ болғаннан кейін көз жұмған депутат Ербол Айтуовтың өліміне қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Марқұмның туыстары операция алдында оның денсаулығы толық тексерілмегенін айтып, клиника қызметкерлерін салғырттық жасады деп айыптауда, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Марқұмның жары Лаура Айтуова заңгерлердің көмегіне жүгінген. Жәбірленуші тараптың адвокаты Алдирза Қуанышкереевтің сөзінше, операция алдында тапсырылған медициналық талдаулар толық зерттелмеген. Сонымен қатар, анестезиолог интубацияны дұрыс жүргізбегендіктен, науқастың тыныс алуында қиындықтар туындаған болуы мүмкін дейді.
Адвокаттың айтуынша, осыдан кейін Ербол Айтуовтың қан қысымы 225-ке дейін көтеріліп, қант деңгейі күрт артқан. Салдарынан ишемиялық инсульт алып, комаға түскен.
«Анализдері толық болмаған. Денсаулығында қарсы көрсетілімдер болғанына қарамастан, толық тексеру жүргізілмеген. Қант мөлшері жоғары болған. Мұндай жағдайда хирург ота жасамауы керек еді. Анестезиолог пациентпен алдын ала сөйлесіп, жағдайын анықтауы қажет болатын», – деді адвокат.
Ал клиника өкілдері өз тараптарынан қателік болмағанын мәлімдеді. Бас дәрігер Артур Тәжиевтің сөзінше, Ербол Айтуов барлық қажетті тексеруден өткен.
Оның айтуынша, операция алдында монитордан науқастың қан қысымы 210-220-ға дейін көтерілгені байқалған. Осыдан кейін дәрігерлер ота жасаудан бас тартқан.
«Қан қысымы түспеген соң, операция жасауға болмайды деп шештік. Себебі наркозға әр ағза әртүрлі реакция береді», – деді бас дәрігер.
Белгілі болғандай, 49 жастағы Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты иек астындағы майды алдырып, бұлшық еттерін тарттыру үшін липосакция жасатпақ болған. Алайда наркоздан кейін жағдайы күрт нашарлап, облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген.
Қазір аталған оқиғаға байланысты Маңғыстау облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғаған.
КТК мәліметінше, Ербол Айтуов өңірге танымал тұлғалардың бірі болған. Ол депутаттық қызметтен бөлек, Облыстық кәсіпкерлер палатасында да маңызды бөлімдердің бірін басқарған.