26.05.2026, 11:40

Петропавлда жантүршігерлік жол апатынан 12 жастағы қыз ажал құшты

Фото: Әлеуметтік желіден

Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Жасөспірім қыз жолды белгіленбеген жерден жүгіріп өтпек болып, абайсызда көлік астына түскен болуы мүмкін, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 25 мамыр күні сағат 20.16 шамасында Петропавлдағы Потанин көшесінде болған. Porsche Cayenne автокөлігін басқарған 24 жастағы жүргізуші кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кеткен.

Ауыр жарақат алған 12 жастағы қыз оқиға орнында көз жұмды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Көлігі айып тұрағына қойылды. Сараптама жігіттің алкогольдік ішімдікті тұтынбағанын көрсетті.

Оқиғаның мән-жайы анықталады, қазір осы факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. 

Полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға, жолда мұқият болуға және жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз орындауға шақырды.