Әкімнің айтуынша, 1936 жылдан бастау алатын тарихи стадион заманауи талаптарға сай жаңғыртылған.
Астана қаласында Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы әйгілі футбол стадионының құрылысы толық аяқталды. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әкімнің айтуынша, 1936 жылдан бастау алатын тарихи стадион заманауи талаптарға сай жаңғыртылған.
«Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы футбол стадионының құрылысын аяқтадық. Аңызға айналған стадионның тарихы 1936 жылдан бастау алады, енді ол заманауи жаңа келбетке ие болды. Бүгін Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асыловпен бірге құрылыс жұмыстары толық аяқталған нысанды аралап көрдік», — деп жазды әкім.
Қала әкімінің айтуынша, спорт нысанының жалпы аумағы 18 951 шаршы метрді құрайды. Жаңа спорт нысаны UEFA-ның 2-санатына сәйкес келеді және 3 600 көрерменге арналған.Сондай-ақ стадион UEFA мен Қазақстан футбол федерациясының талаптарына сай заманауи спорт жабдықтарымен және жасанды төсенішпен жабдықталған. «Стадионның ресми ашылуы 4 маусымға жоспарланған. Ол 2013 жылы туған жасөспірімдер арасындағы ДЮСШ және СДЮСШОР командалары қатысатын Қазақстан Республикасының жыл сайынғы футбол чемпионаты аясында өтеді. Чемпионатқа еліміздің әр өңірінен келген мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектептері, олимпиадалық резерв мектептері және футболшыларды даярлау орталықтарының 15 үздік командасы қатысады», — деп нақтылады Қасымбек.
Қазіргі уақытта нысанды пайдалануға беру үшін заңдық және ұйымдастырушылық рәсімдер жүргізіліп жатыр.