27.05.2026, 05:00

«Жемқорлар тұрғанда қандай футбол?»: желі қолданушысы Астанадағы жаңа стадионды сынап тастады (ВИДЕО)

Фото: видео скриншот

Әлеуметтік желіде Әділ есімді қолданушы Қазақстандағы спорт саласына қатысты наразылығын білдіріп, футбол инфрақұрылымындағы шығындар мәселесін көтерді. Оның айтуынша, елде қомақты қаржы бөлінгенімен, нәтиже көңіл көншітпейді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

— «Жемқорлар тұрғанда қандай футбол болады? Астанада 36 миллион еуроға небәрі 3600 адам сыятын арена салған. Бұл халықаралық деңгейдегі үлкен стадион емес, жай ғана футбол ойнайтын алаң сияқты», — деп жазды ол.

Желі қолданушысы көрші Қырғызстандағы жобамен салыстыру жасап, Бішкекте ауқымды стадион құрылысы жүріп жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, Қырғызстан астанасында шамамен 60 миллион еуроға 51 мың көрерменге арналған заманауи стадион салынуда.

— «Қалай риза болмайсың? Аз ғана айырмашылықпен олар ондаған мың адам сыятын үлкен стадион тұрғызып жатыр. Ал бізде миллиардтаған қаржы игерілгенімен, халыққа тиімді ірі спорт нысандары аз», — дейді ол.

Пікір иесі Қазақстандағы спорт саласында жүйелі мәселелер бар екенін айтып, әсіресе бөлінетін қаражаттың тиімділігі қоғам тарапынан жиі сынға ұшырайтынын жеткізді. Оның сөзінше, елде спортты дамыту туралы көп айтылғанымен, нақты нәтиже мен халықаралық деңгейдегі инфрақұрылым жеткіліксіз.

Желіде бұл пікір қызу талқыланып жатыр. Бірі автордың сөзімен келісіп, спортқа бөлінетін қаржының ашықтығы қажет екенін айтса, енді бірі Қазақстанда да кейінгі жылдары бірқатар спорт нысандары салынғанын алға тартуда.