$ 477.48  555.83  6.65

«Қарызға батып құрбан шалмаңыздар!»: Нұрлан имам қазақстандықтарға үндеу жасады (ВИДЕО)

“Бұл – үлкен мейрам. Сондықтан оған ерекше дайындықпен келген дұрыс”. 

Фото: instagram.com/nurlanimam.kz
Фото: instagram.com/nurlanimam.kz

Белгілі имам Нұрлан Байжігітұлы Құрбан айт мерекесін өткізудің тәртібі, құрбандық шалу және оның етін үлестіру жайында пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Имамның айтуынша, Құрбан айт алдымен айт намазын оқудан басталады. Одан кейін құрбандық шалыніп, оның еті мұқтаж жандарға таратылады. Сондай-ақ бұл күні адамдар туыстарының үйіне барып, қарашаңыраққа сәлем беріп, бір-бірін мерекемен құттықтайды.

“Бұл – үлкен мейрам. Сондықтан оған ерекше дайындықпен келген дұрыс”, – деді ол.

Нұрлан Байжігітұлы биыл мал бағасының айтарлықтай қымбаттап кеткенін де атап өтті. Осыған байланысты ол азаматтарды шама-шарқына қарауға шақырды.

Имамның сөзінше, құрбандық шалу үшін қарызға кіру міндет емес. Оның орнына адамға сауап әкелетін басқа да игі амалдар жеткілікті. Атап айтқанда, жақындарға қамқор болу, кешірімділік таныту, бауырмалдықты нығайту, тазалық сақтау, ұлттық киім кию және тал егу секілді әрекеттер де ізгі іс саналады.

Сондай-ақ ол құрбандыққа қандай мал шалынатынын түсіндірді. Имам құс атаулыны, соның ішінде тауық, үндік немесе кептерді құрбандыққа союға болмайтынын айтты. Құрбандыққа тек төрт түлік – қой, ешкі, сиыр және түйе шалынады.

“Құрбандық етін қалай пайдаланатынын әркім өзі шешеді. Толық таратып беруге де, өзіне қалдыруға да немесе қонақ күтуге де болады. Дегенмен ең жақсысы – етті үшке бөлу”, – деді ол.

Бұдан бөлек, имам Құрбан айт кезінде қонаққа барудың әдебіне де тоқталды. Оның айтуынша, көршілермен араласу – сауапты іс. Алайда қонаққа алдын ала ескертіп барған дұрыс.

“Кенеттен бірнеше адам келіп қалса, үй иесінің дайындығы болмауы немесе сырқаттанып отыруы мүмкін. Сондықтан алдын ала хабарласып барған жөн”, – деді Нұрлан Байжігітұлы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0