Нарықтағы құн малдың салмағы, тұқымына, жасына және қай өңірден әкелінгеніне тікелей байланысты.
Биыл елордада қала тұрғындары мал сатып алып, құрбандық шалу рәсімін арнайы белгіленген орындарда өткізуі үшін 5 бірдей ресми алаң ұйымдастырылған. Олар санитарлық талаптарды сақтау, ветеринарлық бақылау жүргізу және қалдықтарды дұрыс кәдеге жарату мақсатында ашылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ресми мекенжайлар тізімі: «Шанхай» базары - Алаш тас жолы, 34/6; «Баракат» базары - А 369 көшесі, 10; «Жайлау» базары - Алаш тас жолы, Ц 313 көшесі; «Шаушен» шаруа қожалығы - Алаш тас жолы, 136Б; «Ет-Хан» ет цехы - Теміржолшылар тұрғын алабы, Ақжар көшесі, 20. Таңның атысымен-ақ базарда адам қарасы қалың болғанымен, ешқандай үрейлі қарбалас немесе ұзын-сонар кезек байқалмайды. Сатып алушылар қораларды аралап, малдың бағасын, жасы мен салмағын сұрастырып, асықпай таңдау жасауда. Базардағы баға тұрақсыздығы: мал құны неге байланысты? Астана базарларында қой бағасы шамамен 100 мың теңгеден басталып, 200 мың теңгеге дейін жетеді. Нарықтағы құн малдың салмағы, тұқымына, жасына және қай өңірден әкелінгеніне тікелей байланысты. Қазіргі уақытта елордаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен мал жеткізілген «Бағаның айтарлықтай бөлігі логистикаға, яғни жол шығынына, жем-шөпке, малды күтіп-баптауға және Астанаға дейін тасымалдауға кетеді. Төрт түлік әртүрлі аймақтардан әкелінгендіктен, бағасы да әртүрлі», - дейді сатушылардың бірі. Құрбандық малға қойылатын негізгі талаптар: Мал дені сау, семіз және дене мүшелері бүтін болуы тиіс. Соқыр, ақсақ, тым арық немесе ауру мал құрбандыққа жарамайды. Жасына келетін болсақ, қой мен ешкі кемінде бір жылдық, сиыр екі жылдық, ал түйе бес жылдық болуы шарт. «Шанхай» базарында таңдалған малды союға арнайы екі аймақ жабдықталған. Мұнда мал сойылып, еті бөлшектеліп, әрі қарай таратуға немесе жеткізіп беруге ыңғайлы етіп қапталады. Дәстүр бойынша құрбандық еті үш бөлікке бөлінеді: бірінші бөлігі отбасына қалса, екіншісі ағайын-туыс пен көршілерге, ал үшінші бөлігі мұқтаж жандарға таратылады. Көптеген қала тұрғындары үшін бұл рәсімде бастысы - таза ниет. Сұхбаттасушылар бұл амалды құрғақ есеп үшін емес, қолдауға зәру жандармен мереке қуанышын бөлісу үшін жасайтындарын айтады. Құрбандық етін қалай алуға болады? Мұқтаж жандар көмекті qurban.muftyat.kz ресми сайты арқылы онлайн өтініш білдіріп ала алады. Ол үшін мешітке барудың қажеті жоқ. Сайттағы «Құрбандық етін алу» бөлімін таңдап, Аты-жөніңізді, мекенжайыңызды, телефоныңыз бен аймағыңызды көрсетіп, әлеуметтік мәртебеңізді растайтын құжатты жүктеу керек. Өтініш тексерілгеннен кейін, еріктілер етті көрсетілген мекенжайға өздері жеткізіп береді. Сондай-ақ, осы сайт арқылы қашықтан құрбандық шалуға тапсырыс беру мүмкіндігі бар. Желіде бір қойдың бағасы 125 мың теңге, ал ірі қара мал (сиыр) 875 мың теңге деп көрсетілген. Ірі қараны 7 адам бірігіп (серіктесіп) шала алады, бұл жағдайда бір үлес құны - 125 мың теңгені құрайды. Маңызды ескерту: Егер ірі қара малға 7 үлес толық жиналмаса, жүйе қатысушының жарнасына сәйкес оның атынан қой құрбандыққа шалынатынын мәлімдейді. Төлемді Kaspi QR арқылы жасауға болады. Айт намазының уақыты және маңызды мерзімдер Қазақстанның басым бөлігінде, соның ішінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында Айт намазы таңғы сағат 06:00-де басталады. Батыс және кейбір орталық аймақтарда намаз 06:30-да оқылады. Биыл Арапа күні 26 мамырға түсті, ал құрбандық шалу рәсімін Айт намазынан кейін, яғни 27-29 мамыр аралығында өткізуге болады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) материалдық жағдайы келетін әрбір мұсылман үшін құрбан шалу уәжіп (міндет) екенін еске салды. Еске сала кетейік, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы отандық кәсіпкерлерді қасиетті мереке қарсаңында мал мен азық-түлік бағасын қолдан өсірмей, халыққа түсіністік танытуға шақырған болатын.