28.05.2026, 15:30

«Тойды 500 адамға жасап, баладан не сұраймыз?!»: Асхат Аймағамбетов мектеп бітіру кештеріндегі ысырапшылдық туралы айтты

Фото: baq.kz

"Олар біздің жасап жатқан ісімізді көріп, соны қайталайды".

Мектеп бітіру кештеріндегі даңғазалық пен қымбат шығындарға тек оқушыларды кінәлау - әділетсіздік. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Депутаттың айтуынша, жастардың мұндай қадамдарға баруына ең алдымен үлкендердің өмір сүру салты мен қоғамда қалыптасқан «тойшыл» құндылықтар тікелей әсер етіп отыр.

«Біз өзіміз күнделікті өмірде 500 адам шақырып, дүркіретіп той жасап жатқанда, мектеп бітіруші түлектерден басқаша мінез-құлық күту қисынсыз. Балалар - қоғамның айнасы. Олар біздің жасап жатқан ісімізді көріп, соны қайталайды», - деді Аймағамбетов.

Депутат бұл мәселеде тек мектепті немесе оқушыларды ғана кінәлай бермей, мәселенің тамырына үңілу керектігін алға тартты. Оның пікірінше, жауапкершілік толығымен ересектерге - ата-аналар мен жалпы қоғамға жүктеледі.