28.05.2026, 22:30

«Өзімді кешірмеймін»: Алматыдағы жол апатына айыпталушы сотта көзіне жас алды

Коллаж: SN.kz

“Ешқандай сөз де, іс-әрекет те жақындарыңызды қайтара алмайды".

Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты сот процесі өтті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

28 мамыр күні Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алдын ала тыңдау өтті.

Істі судья Еркін Майшинов қарауда.

Сот барысында айыпталушы А.П. сөз алып, марқұмдардың жақындарынан кешірім сұрады. Ол өз әрекетін ақтамайтынын айтып, заң аясында тағайындалатын жазаны толық өтеуге дайын екенін жеткізді.

“Ешқандай сөз де, іс-әрекет те жақындарыңызды қайтара алмайды. Отбасыларыңызға қаншалықты қайғы әкелгенімді түсінемін. Өзімді де кешірмеймін. Бостандыққа шыққаннан кейін қолымнан келгенше көмектескім келеді. Кешірім сұраймын”, – деді сотталушы.

Ол сөйлеп тұрған сәтте сот залында отырған марқұмдардың туыстары көз жасына ерік берді.

Сот отырысынан кейін журналистер қаза тапқандардың жақындарынан пікір алуға тырысқанымен, олар сұхбат беруден бас тартқан.

Марқұмдардың бірінің отбасының өкілі Мейірман Шекеев олардың моральдық және материалдық шығынды өтеу туралы азаматтық талап қоюды жоспарлап отырғанын айтты.

“Біз моральдық өтемақы ретінде 100 миллион теңге талап етеміз. Адам өмірінің құны жоқ. Сонымен қатар марқұм көлік алу үшін несие рәсімдеген, қазір оны ата-анасы төлеуді жалғастырып жатыр”, – деді ол.

Сондай-ақ қорғаушы қаза тапқандардың бірінің отбасы сотталушымен татуласуға келіскенін мәлімдеді.