29.05.2026, 10:00

Батыр бала: БҚО-да оқушы өртеніп жатқан үйден екі інісін құтқарып қалды (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр

Бейбарыстың айтуынша, ол алғашында қатты қорыққан. Бірақ уақыт жоғалтпай, бауырларын құтқаруға кіріскен.

Батыс Қазақстан облысында 9 жастағы Бейбарыс Тілекберген өртке оранған үйден екі кішкентай інісін аман алып шықты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы «Жетінші арнаға»сілтеме жасап.

Оқиға Аралтөбе ауылында биыл қыста болған. Сол күні ата-анасы жұмыста болып, Бейбарыс үйде інілеріне қарап қалған. Алайда электр сымдарының қысқа тұйықталуынан үйде кенеттен өрт шыққан.

Бейбарыстың айтуынша, ол алғашында қатты қорыққан. Бірақ уақыт жоғалтпай, бауырларын құтқаруға кіріскен.

«Мен де қорықтым. Сосын дәлізге шықтық. Екі жастағы інімді жетектеп алып шықтым, ал сегіз айлық бауырымды қолыма көтеріп алып шықтым. Сол кезде үй толық жанып жатты», – дейді Бейбарыс Тілекберген.

Ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымы Бейбарыстың бұл ерлігіне таңғалмағандарын айтады. Себебі ол бұған дейін де жауапкершілігімен және батылдығымен ерекшеленіп жүрген.

Мектептегі сынып жетекшісі Айнұр Сағынғали оқушының зерек әрі тәрбиелі екенін атап өтті.

«Бейбарыс өте жауапты, ақылды, білімді бала. Кез келген тапсырманы тез орындайды. Достарымен жақсы араласады. Өте мейірімді. Ең басты қасиеті – жауапкершілігі», – деді ұстазы.

Айта кетейік, Бейбарыс – оқу озаты, аудандық және облыстық олимпиадалардың жүлдегері. Оның суреті мектептің құрмет тақтасына ілінген.

Өрт салдарынан көпбалалы отбасы баспанасыз қалған. Қазір ауыл тұрғындары мен жанашыр азаматтар оларға көмек көрсетіп жатыр.

Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетовтің айтуынша, отбасы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында үй салу бағытын таңдаған.

«Қазіргі таңда ауыл әкімдігі, экономика және қаржы бөлімі бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Отбасына үлкен қолдау көрсетіледі», – деді ол.

Бейбарыс – бес балалы отбасының екінші перзенті. Қазір олар уақытша коммуналдық пәтерде тұрып жатыр.

Баланың әкесі Фазыл Қайыр ұлының әрекетін нағыз ерлік деп бағалады.

«Ол – батыр. Мұны әкесі ретінде айтып отырған жоқпын. Шынында, мұндай қадамға кез келген адам бара алмайды. Ең бастысы – балалар аман қалды. Үй мен дүние-мүлік жанып кетті, бірақ бәріміз тіріміз», – деді ол.