"Сіздер тек тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген қызметкерлер емес, жүрегі кең жандар екенсіздер".
Астаналық Мира Молдахметова ерекше баласы мен полиция қызметкерлерінің адамгершілікке толы әрекетін әлеуметтік желіде бөлісіп, көпшіліктің ықыласына бөленді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әйелдің айтуынша, күндіз көшеде патрульдік полиция көлігін көрген ұлы оған қатты қызығып, көлікке мінгісі келген. Алайда қызмет барысында жүрген тәртіп сақшылары оны отырғыза алмаған. Сол сәтте бала көңілі түсіп, жылап қалған. Анасы оны әрең жұбатып, үйіне алып кеткен.
Арада бір күн өткенде Астана полиция департаментінің екі қызметкері баланың үйіне арнайы барып, оны қуантып қайтқан. Олар ерекше баланы патрульдік көлікпен серуендетіп, кішкентай арманын орындаған.
«Қазақстан полициясына ерекше алғыс айтқым келеді. Сіздер тек тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген қызметкерлер емес, жүрегі кең жандар екенсіздер. Баланың қуанышы үшін уақыт тауып, оның арманын жүзеге асырдыңыздар», – деп жазды Мира Молдахметова.
Желіде жарияланған видео аз уақыт ішінде кең таралып, бір әлеуметтік платформаның өзінде 1,3 миллион қаралым жинаған. Көпшілік полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, оларды марапаттауды ұсынып жатыр.