$ 485.55  563.38  6.81

Тоқаев: «Қазақстан IT-қызмет экспортын 1 миллиард долларға жеткізді»

"Алдағы онжылдықтарда оның жаһандық экономикаға қосатын жиынтық үлесі бірнеше есе өсіп, ондаған триллион долларлық межеге жетеді деп күтілуде".

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Цифрландыру мен жасанды интеллект негізінде жаңа технологиялық дәуір қалыптасып жатқан қазіргі кезеңде деректерді өңдеу жылдамдығы, автоматтандыру деңгейі және инновацияларды енгізу тереңдігі табыстың негізгі факторына айналып отыр. Сарапшылардың есебінше, жасанды интеллект технологияларына салынған әлемдік инвестиция көлемі қазірдің өзінде 1 триллион доллардан асты. Алдағы онжылдықтарда оның жаһандық экономикаға қосатын жиынтық үлесі бірнеше есе өсіп, ондаған триллион долларлық межеге жетеді деп күтілуде, - деп атап өтті Президент.

Айтуынша, озық технологиялар Еуразиялық интеграцияның қуатты қозғаушы күшіне айналуы керек және қазірдің өзінде сондай рөл атқарып келеді.

Бұл жұмыстың Одақ кеңістігінде жүйелі сипат алып келе жатқанын сеніммен айтуға болады. Трансформация өнеркәсіп пен логистикадан бастап ауыл шаруашылығы мен мемлекеттік басқаруға дейінгі барлық саланы қамтып отыр. Қазақстанда инновациялық жобаларға салынатын инвестиция көлемі бес еседен астам өсті. Оның үстіне барлық инвестицияның жартысынан көбі дәл цифрлық салаға бағытталған. Astana Hub базасында толыққанды әрі қарқынды дамып келе жатқан стартап-экожүйе қалыптасып жатыр. Елде 100-ден астам жаңа жоғары технологиялық компания белсенді дамуда. Қазақстан технология экспорттаушы мемлекет мәртебесін ресми түрде бекітті. IT-қызметтер экспортының көлемі 1 миллиард доллардан асты, - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Тоқаев Қазақстанның мүмкіндіктерінің халықаралық деңгейде мойындалғанын атап өтті.

Біздің бастапқы мүмкіндіктеріміз халықаралық деңгейде де мойындалып отыр. EGDI – E-Government Development Index жаһандық рейтингінде Қазақстан 24-орында тұр. Ал онлайн-қызметтердің сапасы бойынша әлемдегі үздік он елдің қатарына енді. Келесі міндетіміз – осы жетістікті ауқымды деңгейге шығару. Осы мақсатта халықаралық Alem.ai жасанды интеллект орталығы іске қосылды. Бұл орталық талантты әзірлеушілердің басын қосатын алаң ғана емес, жасанды интеллект негізіндегі қолданбалы шешімдерді әзірлейтін негізгі өңірлік орталыққа айналуға тиіс. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің цифрландыру, платформалық шешімдер енгізу және мемлекеттік басқарудағы заманауи тәсілдерді қолдану бағытындағы жетістіктерін мұқият зерттеп, жоғары бағалаймыз, - деді Президент.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0