Таңертең ерте тұру бастапқы кезде ғана қиындық туғызды, кейін үйренісе келе таңғы сағат 4-5-те тұру қалыпты жағдай болып кетеді екен.
Павлодарлық мектеп түлегі Әсет Альтаир Ұлттық бірыңғай тестілеуде (ҰБТ) мүмкін болған ең жоғары – 140 балл жинап, рекордтық нәтиже көрсетті. Осы тарихи жетістігі үшін оқу орталығы түлекке құны 50 миллион теңге тұратын пәтердің кілтін табыс етті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы «24KZ» телеарнасына сілтеме жасап.
– Альтаир, алдымен ерекше тарихи жетістігіңмен құттықтаймыз! Кез келген ауқымды табыстың артында қажырлы еңбек пен үлкен ізденіс жататыны белгілі. Осынау рекордтық нәтижеге жету жолында сен үшін ең қиыны не болды және мақсатың үшін қандай қадамдарға баруға тура келді?
Рақмет! Иә, әрине, менің ойымша, әр мақсатқа жету үшін бір нәрсені құрбан етуге тура келеді. Ол демалатын уақытың болсын, не өзің айналысатын сүйікті ісің болсын. Осы тұста менің өзім де кейбір хоббилерімнен, ұйқы мен демалатын кездерімнен бас тартқаным шындық. Әсіресе бұл ҰБТ жақындаған уақыттарда айқын сезілді. Қаңтар, наурыз айларында және нағыз ҰБТ жақындаған кезінде фокусым толықтай тек сабаққа ғана арналды. Таңертең ерте тұру бастапқы кезде ғана қиындық туғызды, кейін үйренісе келе таңғы сағат 4-5-те тұру қалыпты жағдай болып кетеді екен.
– Сенің өзгелерге ұқсамайтын, тек өзің қолданған ерекше дайындық «лайфхактарың» бар ма?
Менде әр тақырыпты жаттанды емес, түсініп алуға тырыстым. Басты әдісім – күнде өзімнен-өзім есеп алып отырдым. «Осы бүгінгі күнім өз көңілімнен шықты ма?» деп күнделікті өзімнен есеп алып отырдым. Өз-өзіме өте қатаң және әділ болуға тырыстым. Егер дайындығым әлсіреп кеткенін сезсем, жоспарымды бірден қатаңдатып, келесі күні көбірек оқуға күш салдым. Бұл менің ішкі жауапкершілігім мен дисциплинамды арттырды, болашаққа деген бағдарымды айқындап берді.
Отбасың мен жақындарың бұл қуанышты қалай қабылдады?
Біз отбасымызбен Павлодар қаласына Семейден 3 жыл бұрын көшіп келгенбіз. Мен Павлодар қаласындағы 7-ші жалпы орта мектептің түлегімін. Отбасымызда бес бала бар, көпбалалы отбасымыз. Осы уақытқа дейін пәтер жалдап тұрып жатқанбыз. Анам мал дәрігері, ал әкем – әскери қызметкер.
Астана қаласынан берілген пәтерді нақты не істейтінімізді әлі ақылдасып, шешкен жоқпыз. Ата-анам қатты қуанды, олар маған әрқашан сенетін. Жақындарымның, сенім артқан жандардың үмітін ақтағаныма өте қуаныштымын.
– Енді сен үшін кез келген үздік жоғары оқу орындарының есігі ашық. Таңдауың қай оқу орнына және қай мамандыққа түсті? Болашақ жоспарың қандай?
Менің басты мақсатым – Мақсұт Нәрікбаев университетінің «Менеджмент» мамандығына түсу болған. Енді сонда оқимын деген ойдамын. Өз басым болашақта басқару саласында бағымды сынап, сонымен бірге мұғалім ретінде де жұмыс істеп көргім келеді. Ал бакалаврды бітіргеннен кейін шетелде магистратурада оқып, Қазақстанды әлемге танытарлық білікті маман болу.
– Жеңісті күндер артта қалды, алда үлкен өмір күтіп тұр. Осы жолда саған қолдау көрсеткен жандарға не айтар едің және замандастарыңа қандай ақыл-кеңес бересің?
Ең алдымен, мектептегі барлық мұғалімдеріме үлкен рахмет айтамын. Сондай-ақ осы ҰБТ-ға дайындалуда маған үлкен септігін тигізген оқу орталығына, ата-анама және мені қолдаған мұғалімдеріме рақмет айтамын.
Ал замандастарыма, кейінгі түлектерге ұлы Абайдың сөзімен айтқым келеді:
«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар ақылың мен еңбегің екі жақтап». Еңбек етсеңіздер, алынбайтын қамал жоқ.