$ 485.95  565.74  6.83

Астанадан Павлодарға жол жүрген 21 жасар студент екі аяғынан айырылды (ВИДЕО)

Қайғылы оқиға 29 мамыр күні кешкі уақытта Павлодар облысы аумағында болған.

Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Астана–Павлодар тас жолында болған жантүршігерлік жол апаты 21 жастағы студент үшін ауыр трагедияға айналды. Таксимен жолға шыққан жас жігіт екі аяғынан айырылып, жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қайғылы оқиға 29 мамыр күні кешкі уақытта Павлодар облысы аумағында болған. «Яндекс.Такси» қызметі арқылы жолаушы тасымалдап келе жатқан Hyundai Tucson көлігі жол жиегіндегі темір қоршауға соғылған.

Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жүргізуші көлікті басқара алмай қалып, кедергіге соқтығысқан. Соққының қатты болғаны соншалық, темір қоршау көліктің алдыңғы жолаушы жағынан ішке кіріп кеткен.

Апат салдарынан үш адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Олардың ішінде ең ауыр жарақат алған — Астанадан Павлодардағы ата-анасына бара жатқан 21 жастағы студент.

Зардап шеккен жігіттің достары оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

«Апат Төртқұдық ауылы маңында, жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жерде болды. Ол аумақта арнайы белгілер қойылып, қозғалыс бір бағытпен ұйымдастырылған екен. Алайда такси жүргізушісі жоғары жылдамдықпен келіп, темір қоршауға соғылған. Досымыз оқиға орнында-ақ оң аяғынан айырылды, көп қан жоғалтты. Жедел жәрдем көлігінде оның жүрегі тоқтап қалып, дәрігерлер қайта тірілтіп алды. Кейін ауруханада екінші аяғын да кесуге тура келді. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр», — дейді жақындары.

Көлікті 22 жастағы жүргізуші басқарған. Қазіргі уақытта жол апаты фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Көлік арнайы айып тұрағына қойылған.

Полиция оқиғаның нақты себептерін анықтап жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0