Күдіктіге жарияланған іздеу тоқтатылған жоқ»
Қазақстан Бас прокуратурасы Вьетнамда жүрген блогер Қайсар Қамзаға қатысты жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
«Қазақпараттың» жазуынша, бұған дейін блогер әлеуметтік желіде оқырмандарына бейнеүндеу жолдап, қазіргі жағдайы туралы айтып берген еді.
Бас прокуратураның «Қазақпарат» сауалына берген жауабында Қазақстан тарапының Вьетнамға Қайсар Қамзаны экстрадициялау туралы ресми сұрау жолдағаны айтылған. Ол заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінген.
«Қазіргі уақытта Вьетнам тарапы аталған сұрау бойынша шешім қабылдаған жоқ. Күдіктіге жарияланған іздеу тоқтатылған жоқ», - делінген Бас прокуратураның жауабында.
Бас прокуратура өкілдерінің мәліметінше, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы 2017 жылғы 15 маусымда жасалған экстрадиция туралы келісімде мұндай сұрауларды қараудың нақты мерзімдері белгіленбеген. Осыған байланысты өтініш Вьетнамның ұлттық заңнамасына сәйкес қаралады.