Бірнеше күн бұрын дәл осы сөзімен жұрттың жүрегін елжіреткен Әміре бүгін ерекше қуанышқа бөленді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Астана әкімі Жеңіс Қасымбек кішкентай Әміреге Мемлекет басшысының атынан Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты мен естелік сыйлықтарын табыстады.
LRT-ға алғаш мінген сәтінде түсірілген бейнежазбада Әміренің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуді армандайтыны көрініс тапқан еді. Баланың аңғал көңілі, шынайы эмоциясы мен кіршіксіз сенімі көпшіліктің ықыласына бөленді.
Жеңіс Қасымбек мұндай сәттердің балалардың арманына қанат бітіріп, жақсылыққа сенуге және өмірдің әрбір қарапайым сәтіне қуана білуге үйрететінін жазды.
Әміреге зор денсаулық, бақытты балалық шақ және барлық арманының орындалуын тілейміз.