Желіде тараған бейнежазбадан аудан орталығындағы мекемелердің сиқы қашқанын, тіпті кіреберісте арақ бөтелкелерінің шашылып жатқанын анық көруге болады.
Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданының орталығын Переметное ауылына көшіру шешімі үлкен дауға ұласты. Іргедегі Дарьинск ауылында төрт қабатты зәулім әкімдік пен сот ғимараты сайрап тұрса да, атқамінерлер халықты тозығы жеткен Переметноеге сүйреді.
Желіде тараған бейнежазбадан аудан орталығындағы мекемелердің сиқы қашқанын, тіпті кіреберісте арақ бөтелкелерінің шашылып жатқанын анық көруге болады. Қарапайым халық бір жапырақ қағаз үшін шақырымдаған жол жүріп әуре болса, мемлекеттік қызметкерлер мұндай сорақы жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр. Мамандар күн сайын Орал қаласынан қатынап, апталап бала-шағасын көрмей тентіреп жүргенін айтып зар қағуда.
Дарьинскідегі дайын инфрақұрылымды ысырып қойып, Переметноедегі бұл былықты тасада ұстап отырған кімнің мүддесі? Халықтың салығынан айлық алатын шенеуніктердің осындай қораш ғимараттарда отырғаны аймақ басшылығының дәрменсіздігі емес пе? Бәйтерек ауданындағы бұл басы ашық сорақылыққа облыс әкімі Нариман Төреғалиев қашанғы көз жұма бермек? Атқарушы билік бұл мәселеге қатысты әлі жауап бермеді.