Өңірде экономиканың негізгі көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетіп келеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң баға берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Мемлекет басшысының айтуынша, өңірде экономиканың негізгі көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетіп келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстың өңірлік жалпы өнімі 6,7 триллион теңгеге жетіп, 5,4 пайызға артқан. Ал биылғы қаңтар-сәуір айларындағы қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіштер бойынша Алматы облысы республика өңірлері арасында бесінші орынға көтерілген.
Президент өңірде инвестиция тарту бағытындағы жұмыстардың да қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жыл басынан бері облыс экономикасына 266,2 миллиард теңге көлемінде инвестиция құйылған. Сонымен қатар өнеркәсіп өндірісінің көлемі шамамен 900 миллиард теңгеге жеткен.
Алайда Қасым-Жомарт Тоқаев аграрлық сектордың мүмкіндігі әлі де толық пайдаланылмай отырғанына назар аударды.
«Негізі, облыстың даму қарқыны жаман емес. Тиісті жұмыс істелуде. Дегенмен аграрлық сектордың әлеуеті әлі де толық игерілмей жатыр», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің мәліметінше, биылғы алғашқы төрт айдың қорытындысы бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығы саласындағы нақты көлем индексі 101,2 пайызды құраған.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін тиімді пайдалану, өндіріс көлемін ұлғайту және саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытындағы жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.