03.06.2026, 16:40

Қостанайда білім бөлімінің басшысы ұсталды

Фото: Polisia.kz

Прокуратура мәліметінше, лауазымды тұлғалар қалалық мектептердің қажеттіліктеріне бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.

Қостанайда соңғы бірнеше күн бойы әлеуметтік желілер мен жергілікті пабликтерде тараған ақпарат ресми түрде расталды. Қостанай облысының прокуратурасы қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаеваның ұсталғанын хабарлады, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы. 

Осыған дейін тұрғындар білім бөлімі ғимаратында тінту жүргізіліп жатқанын және бірқатар қызметкердің жауап алуға шақырылғанын айтқан болатын. Кейін бұл әрекеттердің қылмыстық іс аясында жүзеге асырылғаны белгілі болды. Тергеуді Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті жүргізіп жатыр.

Прокуратура мәліметінше, лауазымды тұлғалар қалалық мектептердің қажеттіліктеріне бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында 2026 жылғы 1 маусымда бірқатар тергеу әрекеттері жүргізілді, оның ішінде лауазымды тұлғалардың тұрғылықты жерлері мен жұмыс орындарында тінту шаралары өтті. Сол күні тергеу органы Гүлсім Уразбаеваны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабы негізінде ұстады», – деп хабарлады Қостанай облысының прокуратурасы.

Қадағалау органы тергеу амалдары жалғасып жатқанын және іс бойынша барлық мән-жай анықталып жатқанын мәлімдеді.

Гүлсім Оразбаеваның білім саласында көпжылдық еңбек тәжірибесі бар. Ол еңбек жолында ауылдық және қалалық мектептерде қызмет атқарған. 2006 жылы қалалық білім бөліміне әдіскер болып орналасса, 2020 жылдан бері аталған бөлімге жетекшілік етіп келеді.