03.06.2026, 16:50

«Balapan» телеарнасының бұрынғы қызметкеріне қатысты педофилия айыбы: ІІМ тергеудің барысын айтты

Коллаж: sn.kz

Құқық қорғау органдары жәбірленуші тараппен тұрақты байланыста отыр.

Әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырған «Balapan» телеарнасының жобаларына қатысы бар делінген азаматтың үстінен түскен педофилия айыбына байланысты Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов түсініктеме берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта аталған қылмыстық іс бойынша қарқынды түрде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары жәбірленуші тараппен тұрақты байланыста отыр. «Өздеріңіз білетіндей, бұл — жыныстық тиіспеушілік саласына қатысты өте нәзік мәселе. Сондықтан, бұл қылмыстық істің егжей-тегжейін жариялауға рұқсат бермей, осымен шектелсек деген ойдамын», - деді Санжар Әділов журналистердің сұрағына берген жауабында. Сондай-ақ, министрліктің өкілі желіде видеоүндеу жолдаған азаматтың барлық уәждері мен келтірген деректері толық көлемде тексерілетінін және оларға іс жүргізу тұрғысынан құқықтық баға берілетінін жеткізді. Алайда, іс бойынша әлі ешкім ресми түрде айыпталып, қамауға алынбаған. «Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл қылмыстық іс бойынша әлі ешкім ресми түрде күдікті деп танылған жоқ, қазір тек тергеу әрекеттері атқарылуда», - деп нақтылады вице-министр.