03.06.2026, 17:30

Нақты қай жүргізушілердің айыппұлдары кешіріледі?

Фото: pixabay

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Қазақстанда жарияланған әкімшілік амнистия аясында нақты қай жүргізушілердің айыппұлдары кешірілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Мәжіліс кулуарында БАҚ өкілдері вице-министрге кімдердің қарызы сызылатыны туралы сауал жолдаған болатын.

Тізімде 58 бап бар: Кімдер жеңілдік алады?

Министрлік өкілінің сөзінше, бұл жолғы амнистияға ілігетіндердің басым бөлігі - рульдегі жүргізушілер.

«Бірінші кезекте, Ішкі істер министрлігінің желісі бойынша 58 бап қамтылатынын айтқан болатынбыз. Бұл санатқа ең көп кіретіні - жол қауіпсіздігін бұзуға қатысты құқық бұзушылықтар. Оның ішінде:

Жол таңбасының талаптарын сақтамау;

Көлік тізгінінде ұялы телефонды пайдалану;

Қауіпсіздік белдігін тақпау және өзге де ұсақ ереже бұзушылықтар бар», - деді Санжар Әділов.

Ең басты шарт: Кімдердің айыппұлы кешірілмейді?

Вице-министр амнистияның ең басты талабын атап өтті. Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргендерге ешқандай жеңілдік жасалмайды.

Кешірілетін құқық бұзушылықтар: Қоғамға үлкен қауіп төндірмейтін және өзге азаматтардың қауіпсіздігіне нұқсан келтірмейтін әкімшілік істер. Кешірілмейтін құқық бұзушылықтар: Адам өміріне қатер төндіретін өрескел заң бұзушылықтар (мысалы, көлікті мас күйінде басқару немесе жылдамдықты шектен тыс асыру сияқты ауыр баптар амнистияға ілікпейді).