Ол Нұра-Есіл каналына досымен бірге шомылуға барған.
Ақмола облысындағы су айдындарында бір күнде балаларға қатысты екі оқиға болды. Олардың бірі, кәмелетке толмаған бала қаза тапты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 3 маусым күні Қосшы қаласында қайғылы оқиға болды. Нұра-Есіл каналына досымен бірге шомылуға барған 10 жастағы бала суға батып кетті. Қайғылы оқиға болған тоған суға түсуге арналмаған. Оның аумағында шомылуға тыйым салатын белгілер бар.
"Астана қалалық ТЖД жедел-құтқару тобы баланың денесін тауып, судан шығарды", – деп түсіндірді Ақмола облыстық ТЖД ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.
Сол күні Зеренді ауданында қайғылы оқиғаның алдын алды. Бұл жерде "Д"-есепте тұрған бала қараусыз қалғаннан кейін жоғалып кеткен. Баланың аяқ киімі жағадан табылған соң оны іздеуге сүңгуірлер шақырылмақ болған кезде ол аман-есен табылды. Белгілі болғандай, ол аяқ киімін шешіп, жағалау бойымен жалғыз серуендеп кеткен.
"Ата-аналарға үндеу тастаймыз: балаларды су айдындары жанында қараусыз қалдырмаңыз. Сондай-ақ, тек белгіленген жерлерде ғана шомылуға рұқсат етілгенін ұмытпаңыз", – делінген құтқарушылардың аймақ тұрғындарына жолдаған сөзінде.