04.06.2026, 12:40

Тоқаев: Ұлттық рәміздерді құрметтеу – әр азаматтың қасиетті борышы

Фото: Ақорда

Ұлттық нышандарымызды қадірлеу – отаншылдық рухының ең биік өлшемі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік Ту көтеру рәсіміне қатысып, ұлттық рәміздердің ел өміріндегі маңызы туралы айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Президент өз сөзінде биылғы жалпыұлттық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституция Қазақстанның дамуының жаңа кезеңіне жол ашқанын атап өтті. Оның айтуынша, Ата заңда халықтың сан ғасырлық арман-мұраты көрініс тауып, елдің егемендігі, жер тұтастығы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары басты құндылық ретінде бекітілген.

Мемлекет басшысы заң мен тәртіпті сақтау, білім мен ғылымды дамыту, жаңа технологияларды енгізу, табиғатты қорғау және волонтерлік қызметті қолдау конституциялық деңгейде айқындалған маңызды міндеттер екенін айтты.

Сондай-ақ Президент Конституцияда әрбір азаматтың мемлекеттік рәміздерді құрметтеуі міндет ретінде көрсетілгеніне назар аударды.

– Ұлттық нышандарымызды қадірлеу – отаншылдық рухының ең биік өлшемі. Нағыз патриоттар ғана елдің дамуына үлес қосып, мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, мемлекеттік рәміздердің мәртебесін арттыру – маңызды мемлекеттік міндеттердің бірі. Осыған байланысты Үкімет жақын арада мемлекеттік рәміздерді орынды пайдалану мәселесіне қатысты қаулыға қажетті түзетулер енгізеді.

Мемлекет басшысы ұлттық нышандарды ұлықтау барша азаматтың ортақ парызы екенін атап өтті.

– Ұлттық рәміздерді қастерлеу – мемлекетімізді құрметтеу деген сөз. Бұл әр азаматтың жауапкершілігі мен міндеті, – деді Президент.