$ 489.31  568.33  6.63

Егемендік пен Тәуелсіздік – Қазақстанның ең қастерлі құндылығы – Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы шынайы патриотизмнің негізі ел мүддесіне адал қызмет ету екенін атап өтті.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ту көтеру рәсімінде сөйлеген сөзінде Қазақстанның басты құндылығы – егемендік пен тәуелсіздік екенін атап өтті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Президенттің айтуынша, еліміз өркениетті әрі озық ойлы ұлт ретінде өз күшіне сеніп, батыл қадам жасауға тиіс.

– Еліміздің Егемендігі, Тәуелсіздігі – ең маңызды, ең қастерлі құндылығымыз. Мақсаты айқын, көзі ашық азаматтар мемлекет тағдырына жауапты екенін терең түсінеді. Олар еріктілер қозғалысына қатысып, қайырымдылық жасап, қоғамға пайдалы бастамаларды жүзеге асырып жүр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы шынайы патриотизмнің негізі ел мүддесіне адал қызмет ету екенін атап өтті. Оның сөзінше, жасампаз отаншылдық – көзбояушылықтан аулақ болып, қоғам игілігі үшін табанды еңбек ету.

Президент Қазақстанның даму жолында тарихи сабақтастыққа ерекше мән беретінін айтты. Осы бағытта бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Жошы хан жерленген Ұлытау өңіріне облыс мәртебесі беріліп, Жошы ұлысын зерттеу институты құрылды. Сонымен қатар жақын уақытта Қазақстан тарихының жеті томдық академиялық еңбегі жарық көреді. Оның бір томы толықтай Алтын Орда тарихына арналады.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияда қазақ мемлекеттілігінің тамыры Ұлы даланың мыңжылдық тарихымен сабақтас екені айқын көрсетілгенін атап өтті. Сондай-ақ Астанада Ұлы дала өркениетіне арналған ірі мәдени-ғылыми орталық салынатынын жеткізді.

Президент Алтын Орданың тарихи мұрасына тоқталып, оның басқару жүйесі, дипломатиялық институттары, кеден және байланыс қызметтері дамыған қуатты мемлекет болғанын айтты.

– Қазір Қазақстанда берік орныққан президенттік басқару үлгісі Алтын Орда кезінде құрылған саяси жүйеден бастау алады. Алтын Орданың ең басты мұрасы – оның мызғымас құндылықтары. Түрлі халықтар мен мәдениеттердің ортақ ережелер аясында татулықта өмір сүруі бүгінгі Қазақстан үшін де маңызды үлгі болып қала береді, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, Қазақстанның мақсаты – өткеннің озық құндылықтарын жаңғыртып, оларды заманауи өркениет талаптарына бейімдеу. Бұл елдің тұрақты дамуы мен ұлттық бірлігін нығайтудың маңызды негізі болмақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0