04.06.2026, 21:30

Домбыраны «шайтанның жыныс мүшесіне» теңеген ақтөбелік түрмеге қамалды

Фото: видео скриншот

Бұл әрекеттер ұлттық және діни араздықты қоздыру мақсатында жасалған деп бағаланған.

Ақтөбеде TikTok желісіндегі тікелей эфир кезінде домбыраны қорлап, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдеріне тіл тигізген ер адам 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Сот алдына 35 жастағы Азат Қоныс шықты. Прокуратура мәліметінше, ол тікелей эфир барысында ұлттық музыкалық аспап – домбыраны балағаттап, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдарын «тозақтың иттері» деп атаған.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, бұл әрекеттер ұлттық және діни араздықты қоздыру мақсатында жасалған деп бағаланған.

Сот барысында Азат Қоныс кінәсін толық мойындап, айтқан сөздеріне өкінетінін жеткізді. Ол бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған.

«Домбыра туралы айтқан сөзіме де, имамдарды балағаттағаныма да өкінемін. Шартты жаза тағайындауды сұраймын», – деді ол сотта.

Алайда сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Үкім жарияланғаннан кейін сотталушының әкесі ұлының әрекеті үшін жұртшылықтан кешірім сұрады.