08.06.2026, 10:40

«Үстінде киімі жоқ»: Қызылордада каналдан денесі табылған қыздың жақындары зар иледі

Фото: видеодан скрин

Осыдан кейін туыстары оны іздеуге кіріскенмен, еш нәтиже болмаған.

Қызылорда облысының Шиелі ауданында су арнасынан табылған жасөспірім қыздың өліміне қатысты оның туыстары ауыр күдік айтып отыр. Олардың сөзінше, белгісіз біреулер қызды азаптап өлтіріп, кейін мәйітін суға тастаған. Қазіргі уақытта күдікті анықталмаған. Марқұмның жақындары кінәлі адамның заң алдында қатаң жауапқа тартылуын талап етуде, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

 "Информбюро" мәліметінше, жақында ғана 10-сыныпты аяқтаған 16 жастағы қызынан айырылған ана бұл қайғылы жағдайға әлі де сене алмай жүргенін айтады. Оның сөзінше, қызы үш күн бұрын кешкі уақытта құрбысының шақыруымен үйден шығып кеткен. Алайда қыздың сол түні үйге оралмағанын анасы келесі күні таңертең ғана байқаған.

Осыдан кейін туыстары оны іздеуге кіріскенмен, еш нәтиже болмаған. Кейін кешкі уақытта жасөспірімнің денесі көрші Ыбырай Жақаев ауылындағы су арнасынан табылғаны белгілі болған.

"Қыздың үстінде киімі жоқ. Аяқ киімі жоқ. Киімдері әлі табылған жоқ. Телефоны да жоқ. Жазықсыз өлтіргені айдан анық қой. Қинап солай өлтірген болып тұр", - деді марқұмның анасы Гүлжайна Қалдыбаева.

Марқұмның жақындарының пікірінше, күдікті қызды аса қатыгездікпен өлтіріп, кейін денесін елсіз жердегі ағын суға тастаған. Сондай-ақ олар жеткіншектің түн ішінде ауыл сыртындағы су арнасына өз еркімен жалғыз баруы екіталай екенін алға тартады. Сондықтан туыстары істің әділ тергеліп, кінәлі адамның ең қатаң жазаға тартылуын сұрайды.