08.06.2026, 12:40

«Қан тоқтамай ақты»: Астаналық әйел «Хан Шатырда» басын жарып алды (ВИДЕО)

Коллаж: Sn.kz

Дәрігерлер оның басына сегіз тігіс салған.

Астана тұрғыны Хан Шатыр ойын-сауық орталығындағы аквапарк аттракционында жарақат алып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Зардап шеккен әйел болған жағдай туралы әлеуметтік желідегі парақшасында баяндаған. Оқиға 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні болған. Оның айтуынша, аттракционға мінер алдында құтқарушыдан ересектерге сырғанауға рұқсат бар-жоғын нақтылап сұраған. Рұқсат алған соң, құрбысының кішкентай қызымен бірге сырғанаған.

Алайда келесі аттракционда қауіпсіздік талаптары дұрыс түсіндірілмегенін айтады.

«Екінші сырғанақта қызметкер бізге ештеңе түсіндірместен өткізіп жіберді. Мен отырған күйде төмен сырғанап бара жатып, басымды қатты соғып алдым. Соққы өте қатты болды. Аттракционнан шыққан кезде басымнан қан тоқтамай ақты», – дейді тұрғын.

Әйелдің айтуынша, құрбылары оны бірден аквапарктің медициналық пунктіне жеткізіп, кейін жедел жәрдем шақырған. Зардап шегуші травматологиялық пунктке жеткізілген.

Дәрігерлер оның басына сегіз тігіс салған. Медициналық тексеру барысында бас терісінің сегіз сантиметрге жыртылғаны анықталған. Сондай-ақ компьютерлік томография жасалып, миы шайқалмағаны белгілі болған.

Соған қарамастан, әйел басының жиі ауыратынын айтып отыр. Оның сөзінше, қазір күн сайын жарасын таңып, бас киім киіп жүруге мәжбүр. Сонымен қатар бұл жағдай кәсіби қызметіне де әсер еткенін жеткізді.

«Мен үнемі камера алдында жұмыс істеймін. Енді басымда өмір бойы тыртық қалуы мүмкін», – деді ол.

Қазіргі уақытта жәбірленуші Хан Шатыр аквапаркі әкімшілігіне ресми шағым түсіріп, моральдық шығынды өтеуді талап еткен.