08.06.2026, 15:10

«Асфальттың орнына тас төге салған»: Астарахан жұрты көлігін қиратқан жолға ашынды

Фото: видео скриншот

Салдарынан жергілікті жұрттың жүйкесі тозып, техникасы шығынға батуда.

Ақмола облысы Астрахан ауданына қарасты Таволжанка ауылының тұрғындары атқарушы билікке өкпелі. Себебі халық талай жылдан бері зарыға күткен жол жөндеу жұмысы сапасыз атқарылған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Лауазымды тұлғалар тегіс асфальт төсеудің орнына, ойлы-қырлы тұстарға ірі тастар мен булыжниктерді төге салыпты. Қазір бұл таспада жүру мүмкін емес, ауылдықтар «көлігімізді өз қолымызбен қиратып жатырмыз» деп ашынады.

Салдарынан жергілікті жұрттың жүйкесі тозып, техникасы шығынға батуда. Жауапты мекемелер мен әкімдікке жасалған сансыз өтініштен әзірге еш нәтиже шықпай тұр. Тұрғындар бұл келеңсіздік қоғамда жария болған соң ғана сең қозғалар деп үміттенеді.

Әйтпесе, тас үйіндісіне айналған жолдың азабы жақын арада бітетін түрі жоқ.