08.06.2026, 16:40

«Операцияға ақша керек»: Атыраудағы қанды қылмыс ісінде жұмбақ хабарлама талқыға түсті

Фото: alash.kz

Хат алмасу кезінде "Наурыз Мұқанғалиев" үй иелері жоқтығын бүкіл отбасы шұғыл түрде Ташкентке емделуге кетті деп түсіндірген.

Атырауда төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Іс бойынша өткен кезекті сот отырысында Қарабалиндер отбасының малын баққан тұрғын куә ретінде жауап беріп, тергеу барысында көпшілікке белгісіз болған жайттарды баяндады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Куәгердің айтуынша, хат алмасу кезінде "Наурыз Мұқанғалиев" үй иелері жоқтығын бүкіл отбасы шұғыл түрде Ташкентке емделуге кетті деп түсіндірген. Ол кезде куәгер Наурыз Мұқанғалиевтің атынан мүлдем басқа адам жазып отырғанын білмеген. Куәгер Дархан Бақытов 2024 жылы күзде WhatsApp арқылы қосымша жұмыс істеу туралы ұсыныс алғанын айтты. Ол кезде Наурыз Мұқанғалиев Дархан Бақытовқа күнделікті ақысына қой мен сиыр бағуды ұсынған. Ол күмәнді ештеңе байқамаған. Еңбек  ақысы сол кезде қаза тапқан отағасы Мақсот Қарабалиннің банк картасынан аударылған.

«Малын күнделікті бағып жүрдім. Қой, ешкі, баспақ болды. 25-і күні қырдағы малы келді. Қыс бойы, екі ай соны да бақтым. Үйінде үш сиыры бар еді, жалпы жеті сиыр болатын. Ақша керек болғанда Наурызға жазып тұрдым, сол кезде аударып жіберетін. Күнделікті ақша аударған жоқ. 2026 жылдың 25 қаңтарына дейін бағып бердім. Екі айлық еңбегіме бір баспақ береді деп келіскенбіз», – деді куәгер сотта.

Қаза тапқан отбасының туыстары оларды "Ташкентте емделіп жатыр" деп сеніп жүргенде, марқұмдардың малы біртіндеп сатыла берген. Сондай-ақ ол 2025 жылдың қараша айының ортасында Наурыз Мұқанғалиевтен хабарлама алғанын айтты. Куәгердің сөзінше, хатта отбасының анасы сырқаттанып қалғаны және операция жасау үшін шұғыл ақша қажет деп  жазған. «Маған мал сататынын айтты. Сатып алатын адамдарды өзі жіберетінін жеткізді. Менен тек келетін адамдарға малды көрсетіп беруімді сұрады. Кейін бірнеше адам келді, өзара келісіп, малды алып кетті. Ол іске мен араласқан жоқпын», – деді ол.

Куәгер сол уақытта хабарламаларды шынымен Наурыз Мұқанғалиевтің өзі жіберіп отыр деп ойлағанын жеткізді. Алайда кейінгі оқиғалардан соң бұл жайт тергеу барысында қайта қаралып жатыр. Айта кетейік, Сұлтан Сәрсемәлиев Атырау облысында төрт адамның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша айыпталуда. Қазіргі уақытта сот процесі жалғасып жатыр. Іс аясында куәлардан жауап алынып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.