10.06.2026, 12:20

АҚШ Иранға тағы да шабуыл жасады

Фото: independent.co.uk

АҚШ президенті Дональд Трамп ABC News арнасына берген сұхбатында бұл соққы жасалуы тиіс болғанын жеткізді.

АҚШ әскері Ормуз бұғазы маңында америкалық Apache тікұшағының атып түсірілуінен кейін Иранға қарсы шабуылды қайта бастады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

"Бұл операция – Иранның негізсіз агрессиясына берілген қарымта жауап", – деп жазды АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) X әлеуметтік желісінде.

АҚШ президенті Дональд Трамп ABC News арнасына берген сұхбатында бұл соққы жасалуы тиіс болғанын жеткізді.

Axios басылымының жазуынша, АҚШ әскері Ормуз бұғазы маңындағы Иранның бірнеше әуе қорғанысы жүйесі мен радиолокациялық станцияларын нысанаға алған. Иран бұқаралық ақпарат құралдары Ормуз бұғазы маңындағы елдің оңтүстік жағалауында жарылыстар болғанын хабарлады. Tasnim агенттігінің мәліметінше, Сирик және Минаб қалаларында, Кешм аралында жарылыстар естілген. Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Вашингтонға шабуыл үшін тойтарыс берілетінін ескертті.

"Біздің қуатты қарулы күштеріміз ешбір шабуыл мен қоқан-лоққыны жауапсыз қалдырмайды. Егер сіздерге қауіпсіздік қажет болса, аймағымыздан кетіңіздер", – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.

Кейін Tasnim агенттігі Ислам революциясы сақшылар корпусы мәлімдемесін жариялап, елдің аймақтағы АҚШ нысандарына зымырандар мен дрондар ұшырғанын хабарлады.