10.06.2026, 15:00

«Әйелдерге қарыз беріп, интим талап еткен»: Арқалықта блогер 10 жылға сотталды

Фото: Қостанай облысы ПД

Бас тартқан жағдайда күш қолданғаны айтылды.

Қостанай облысындағы Арқалық қаласының соты «Арайлы Арқалық» YouTube арнасының авторы Қанат Әлімбаевқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды  Sn.kz ақпарат порталы.

Тергеу мәліметіне сәйкес, блогер әйелдерге қарызға ақша беріп, кейін қарызды қайтару орнына интимдік қатынас талап еткен. Бас тартқан жағдайда күш қолданғаны айтылды.

Іс материалдарының сипатына байланысты сот отырысы жабық форматта өткен.

Соттың мәліметінше, Қанат Әлімбаевқа Қылмыстық кодекстің «Зорлау», «Сексуалдық сипаттағы күш қолдану әрекеттері» және «Жыныстық қатынасқа не өзге де сексуалдық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлеу» баптары бойынша айып тағылған.

Сот шешімімен ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда қорғаушы тарап үкіммен келіспейтінін айтып, апелляциялық шағым түсірген. Осыған байланысты сот үкімі әзірге заңды күшіне енбеген.