Атқарушы билік бұл мәселені тез арада қолға алып, нақты шара қолданбаса, әлеуметтік наразылықтың өрши түсері анық.
Майсара жолдар, ми батпақ және биліктің селқостығы. Атырау облысы, Құрманғазы ауданына қарасты Кіші Кресті ауылының тұрғындары мамырдың аяғынан бері сыртқы әлемнен үзіліп қалғандай күй кешуде, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Махмұт Шолтыров пен Мақсот Жолжанов көшелеріндегі жағдай сұмдық: жауын жауса болды, мұндағы жолдар көлік жүре алмас ми батпаққа айналады. Балалар мектепке бара алмай, үлкендер жұмыстан қалып, жедел жәрдемнің өзі жете алмайтын хәлге жеткен. Ең сорақысы — 28 мамырдан бері толассыз жауған жаңбырдан кейін бұл ауылға әкімдіктен бірде-бір шенеунік бас сұқпаған. «Автомобиль жолдары туралы» заң бойынша жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету — мемлекеттің тікелей міндеті. Алайда, жергілікті билік халықтың бұл жанайқайын естігісі де, көргісі де келмейтін сияқты.
Ауыл жұрты қашанғы батпақ кешіп, шенеуніктердің уәдесіне алданып отыра бермек? Атқарушы билік бұл мәселені тез арада қолға алып, нақты шара қолданбаса, әлеуметтік наразылықтың өрши түсері анық.