14.06.2026, 15:10

Дәдебай: AMANAT-тың «Әділетке» қосылуы – ұлттық жауапкершілікке негізделген шешім

Фото: Әділет партиясы

Оның айтуынша, AMANAT партиясының мүшелері елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып, өңірлерде жұмыс істеп, мол саяси және ұйымдастырушылық тәжірибе жинақтаған.

«ӘДІЛЕТ» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай партияның II съезінде сөйлеген сөзінде AMANAT партиясының қосылуы партиялық мүддеден жоғары тұрған ұлттық жауапкершілікке негізделген шешім екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, AMANAT партиясының мүшелері елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып, өңірлерде жұмыс істеп, мол саяси және ұйымдастырушылық тәжірибе жинақтаған.

Бұл тәжірибе енді ортақ мақсаттарға қызмет ететін қуатты әлеуетке айналады деп кәміл сенеміз, – деді Дәдебай.

Партия төрағасының сөзінше, екі саяси күшті мықты мемлекеттік институттар құру, тиімді мемлекеттік басқаруды қалыптастыру, бәсекеге қабілетті экономиканы дамыту, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және заманауи саяси мәдениетті орнықтыру сияқты ортақ құндылықтар мен мақсаттар біріктіреді.

«ӘДІЛЕТ» партиясына AMANAT-тың қосылуы – партиялық мүддеден жоғары тұрған ұлттық жауапкершілікке негізделген парасатты шешім. Бұл – қоғам игілігі үшін біріге алатынымыздың нақты дәлелі, – деді ол.

Сондай-ақ Дәдебай қоғам мен мемлекет алдындағы, сондай-ақ келер ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің елді береке мен бірлікке бастайтынын атап өтті.

Ол партияның басты мақсаты азаматтардың сенімін ақтау және әділдікті мемлекеттік жүйе мен ел дамуының негізгі қағидатына айналдыру екенін айтты.

Осы мақсат үшін «ӘДІЛЕТ» партиясы құрылды. Осы мақсаттарды ортақ көретін күштердің барлығын қатарымызға қабылдауға дайынбыз, – деді партия төрағасы.

Сөз соңында Айбек Дәдебай съезд делегаттарын, партия мүшелерін және әріптестерін AMANAT партиясының «ӘДІЛЕТ» партиясына қосылу туралы бастамасын қолдауға шақырды.

Бірлік бар жерде сенім бар, сенім бар жерде даму бар, даму бар жерде болашақ бар. Ал біздің ортақ болашағымыз – Әділетті Қазақстан, – деді ол.

Тегтер: партия Әділет