$ 489.33  566.3  6.74

«Көлік бағынбай, тежегіш істен шықты»: Әл-Фарабидегі жол апаты бойынша айыпталушы сотта сөйледі

Оның сөзінше, тек аз мөлшерде сыра ішкен, ал өзін мас күйде болдым деп есептемейді.

Фото: Еламан Турысбеков/Kazinform
Фото: Еламан Турысбеков/Kazinform

Алматыда адам өліміне әкелген жол апатына қатысты сот процесінде айыпталушы Александр Пак жауап берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, қайғылы оқиға көліктегі техникалық ақаудан кейін болған.

Сотта сөз сөйлеген 32 жастағы Пак оқиға күні достарымен мейрамханада болғанын, кейін көлігімен Достық даңғылымен төмен қарай қозғалғанын айтты. Әл-Фараби даңғылына жеткен кезде Zeekr көлігінің басқару панелінде ақау туралы ескерту белгілері пайда болған.

Айыпталушының сөзінше, көліктен түсініксіз дыбыс шыға бастаған соң ол газды басып, жылдамдықты арттырған. Осы сәтте көліктің жолақта ұстау жүйесі іске қосылып, көлік жиектасқа соғылып, қарсы бағытқа шығып кеткен болуы мүмкін деп есептейді.

Ол көліктің басқаруға бағынбай қалғанын, рөл мен тежегішке әсер ете алмағанын мәлімдеді. Соның салдарынан ауыр жол-көлік оқиғасы орын алған.

Пак басқару панеліндегі ескерту белгілерін толық түсінбегенін де жасырмады. Оның айтуынша, Zeekr көлігін бірнеше ай бұрын ғана сатып алғандықтан, барлық функциясын толық меңгеріп үлгермеген.

Сотталушы мейрамханада болғанын растағанымен, өзіне жазылған алкогольді ішімдіктердің бәрін тұтынбағанын айтты. Оның сөзінше, тек аз мөлшерде сыра ішкен, ал өзін мас күйде болдым деп есептемейді.

Сонымен қатар Александр Пак прокурор келтірген көліктің апат алдындағы жылдамдығына қатысты мәліметпен келіспейтінін жеткізді. Ол тергеу нұсқасындағы сағатына 219 шақырым жылдамдыққа жеткені туралы деректің шындыққа сәйкес келмейтінін айтып, оқиға кезінде шамамен 80 км/сағ жылдамдықпен жүргенін, кейін жылдамдығы 130 км/сағ шамасына дейін артуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ айыпталушы мемлекеттік нөмірді әдейі ауыстырды деген күдікті жоққа шығарды. Оның айтуынша, қолданылған екі нөмір де өзіне тиесілі көліктерге тіркелген.

Жауап беру барысында Пак процестік құқығын пайдаланып, тараптардың сұрақтарына жауап беруден бас тартты. Ол тек судьяның сауалдарына жауап беруге келіскен. Мұндай шешімін қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының қысымымен байланыстырды.

Еске салайық, 2026 жылғы 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында Zeekr көлігі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0