18.06.2026, 07:30

Еліміздің 12 өңірінде 38 градусқа дейін аптап ыстық болады

Фото: Pixabay

Синоптиктердің мәліметінше, күндіз еліміздің 12 өңірінде ауа температурасы +35...+38 градусқа дейін көтеріледі.

"Қазгидромет" РМК мамандары 2026 жылғы 17 маусым, сәрсенбіге арналған синоптикалық жағдай мен қауіпті ауа райы құбылыстарының болжамын жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Синоптиктердің мәліметінше, күндіз еліміздің 12 өңірінде ауа температурасы +35...+38 градусқа дейін көтеріледі. Атап айтқанда:

Атырау облысында; Ақмола облысында; Павлодар облысында; Шығыс Қазақстан облысында; Алматы облысында; Жамбыл облысында; Абай облысында; Жетісу облысында; Қарағанды облысының батысы мен оңтүстігінде; Қостанай облысының оңтүстігінде; Ақтөбе облысында; Ұлытау облысында.

Сондай-ақ атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты еліміздің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Елдің солтүстігінде күндіз қатты жаңбыр күтіледі. Ал батыста, солтүстік-батыста, солтүстікте және орталық өңірлерде бұршақ жауып, дауылды жел соғуы мүмкін.

Республика бойынша жел күшейеді. Солтүстік-батыс пен солтүстік өңірлерде түнгі және таңғы уақытта тұман түседі.

Өрт қаупі жоғары болатын өңірлер

Жоғары өрт қаупі Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында, Ұлытау облысының батысы мен солтүстігінде, Қарағанды облысының оңтүстігінде, Батыс Қазақстан облысының батысы мен оңтүстік-батысында, Маңғыстау облысының батысында, Қостанай облысының оңтүстігінде, Ақмола облысының орталығында, Жетісу облысында, Павлодар облысының солтүстігінде, Алматы облысының солтүстігі, оңтүстігі және шығысында, Түркістан облысының оңтүстік-батысы мен шығысында сақталады.

Төтенше жоғары өрт қаупі Қызылорда, Түркістан және Абай облыстарында, Батыс Қазақстан облысының қиыр батысында, Ақтөбе облысының оңтүстігінде, Қостанай облысының оңтүстік-батысында, Ақмола және Павлодар облыстарының шығысында, Қарағанды облысының батысында, орталығында және шығысында, Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігі мен орталығында, Жамбыл облысының батысы мен оңтүстігінде, Алматы облысының батысы мен орталығында, Жетісу облысының шығысы мен батысында, Ұлытау облысының шығысы мен оңтүстігінде болжанады.